Жаңа заманның жаңалықтар порталы | Newsroom.kz RU search
1 қараша, 2024 / Перизат Ілес / Білім

Qyzpu-да заманауи ғылыми кітапхана ашылды

Кез келген білім ошағының жүрегі – ол кітапхана

Qyzpu-да заманауи ғылыми кітапхана ашылды
Фото: gov.kz

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасына биыл күрделі жөндеу жасалып, ұлағатты ұстаз Сералы Қаниевтың аты берілді. Жаңарған кітапхананың ресми ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі,- деп хабарлайды newsroom.kz

«Шын мәнінде бүгін айтулы күн. Кез келген білім ошағының жүрегі – ол кітапхана. Ең жоғары стандартта жасалған, ең мықты электрондық, цифрлық платформалары бар бұл ғылыми кітапхана студенттер мен оқытушылар, жалпы кітапсүйер қауым үшін білімдерін арттыруға бағытталған мықты орталық боларына сенімім мол», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сералы Қаниұлы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаз, белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі, еңбек ардагері. 40 жылға жуық Қазақ қыздар педагогикалық институтында қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.

 Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сералы Қаниевтың ұлы Берік Қаниевке кітапхананың ашылуына зор үлес қосқаны үшін Алғыс хат табыстады.

Кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай және Сералы Қаниұлының жақын туыстары да қатысты. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бұл кітапхана білім мен мәдениеттің нағыз орталығы екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай да алғысын айтып, университет кітапханасына Сералы Қаниевтың аты берілгені өте маңызды оқиға екенін атап өтті.

Жаңартылған кітапхана студенттер, оқытушылар және зерттеушілер үшін заманауи білім беретін мәдени орталыққа айналады. Мұнда олар ғылыми қорлармен жұмыс істеп, оқу және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ең соңғы технологияларды пайдалана алады. Жаңа кітапхана кеңістігі ыңғайлылық пен жайлылықты ескере отырып жобаланған. Онда топтық және жеке жұмыстарға арналған алаңдар бар. Сондай-ақ озық жабдықтар мен электрондық ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етілген.

Іс-шарада қонақтар жаңартылған кітапхана ғимараты бойынша экскурсия жасап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңалықтармен танысты.