Қызылордада үйлестіру кеңесінің отырысы өтті
Жиында жат әдетпен күреске азаматтық қоғамның әрбір мүшесін жұмылдыру ұсынылды.
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, - деп хабарлайды newsroom.kz
Кеңеске қала, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары қатысты. Аймақ басшысы осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді айқындады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Бүгінгі үйлестіру кеңесінің тақырыбы – аса маңызды, қоғамымыз үшін өте өзекті. Нашақорлықтың таралуына жол бермеу, есірткі қылмыстарының алдын алу – біздің басты міндетіміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін» - деген болатын. Жасөспірімдердің құқығы мен өмірін қорғауға айрықша көңіл бөлініп, балаларды құмар ойынға жетелегендер заң бойынша жазаға тартылады. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткенге берілетін жаза қатаңдады. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстың алдын алуды көздейтін заң қабылданды. Кәмелет жасына толмағандар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған танымдық-тәрбиелік іс-шараларды мектептерде көптеп өткізу қажет. Әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған скринингтің оң тәжірибесін мектеп педагогтеріне қолдану мәселесін қарастырыңыздар. Балалардың бос уақытын тиімді үйлестіруде бірлескен шаралар қабылдаңыздар. Әсіресе, ерекше бақылауды қажет ететін, түрлі санаттағы отбасы балаларын шығармашылық және спорттық секцияларға тарту керек. Саламатты өмір салтын қалыптастыруда, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуда «Жастар денсаулығы» орталығының жұмысын күшейтіңіздер. Түрлі санаттағы отбасылардың цифрлық картасының мүмкіндігін пайдалану қажет. Бұл есірткі тұтынушының әлеуметтік-экономикалық портретін электронды форматта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық пікір көшбасшыларын, журналистерді, белсенді блогерлерді тартып, нашақорлықтың зияны туралы танымдық іс-шаралар ұйымдастырыңыздар. Рейдтік жұмыстардың балама әдістерін қарастыру, жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлыққа, құқық бұзушылыққа, кибербуллингке, заңсыз ойындарға тосқауыл қою шаралары өте маңызды», – деді Н.Нәлібаев.
Жастар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізу, жат әрекеттерден сақтандыру, бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу мақсатында соңғы 3 жылда жаңадан 21 мәдениет нысанын салуға бюджеттен қаржы қаралды, 10 нысан пайдалануға берілді. Тағы 11 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Кеңесте облыс прокуроры Ризабек Ожаров, Бас прокуратураның стратегиялық даму департаментінің бастығы Әлжан Нұрбеков, облыс прокурорының орынбасары Мәди Сарпеков, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл, «Әкелер одағы» республикалық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет сөз сөйледі.
Жиында жат әдетпен күреске азаматтық қоғамның әрбір мүшесін жұмылдыру ұсынылды. Бірлескен іс-шаралар жоспары таныстырылып, облысымызда нашақорлыққа қарсы бір айлық акция өткізу туралы бастама көтерілді.
Қатысушылар прокуратура бастамасын қолдап, есірткінің заңсыз айналымын түбегейлі жою мақсатында бірлесе қызмет атқару туралы ортақ келісімге келді.