Мәжілісмендер коронавирустан қалай қорғанады?

17 Наурыз, 2020 201 0

Бүгін мәжіліс депутаттары жұдырық түйістіріп амандасты. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін мәжілісмендер бұрынғыдай қол беріп амандаспай, жаңаша амандасу жолдарына ауысыпты. Ел азаматтары 1 айға жуық дәріханалардан таппай жүрген масканы киіп келген депутаттар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "31 арнаға" сілтеме жасап.

Мәжіліске кірген бетте дене қызуын міндетті түрде өлшенетін болыпты. Коронавирустан қорғану жолдарын түсіндіретін хабарламалар әр жерде ілініп тұр, бәрінен де қол беріп амандасуға болмайды деген үлкен сурет бірден көзге түседі. Кейбір депутаттар жас балаларша, аяқтарын түйістіріп, әзілдесіп жатты. Әріптестерінің сақтығын келеке еткендей, жариялы түрде құшақтасып, амандасқандар да болды. Бәрінен бұрын маска тағып келгендер ерекшеленіп отырды. Аманжан Жамалов тұмылдырық сияқты бетпердесін киіп келіпті. Үкімет сағатына баяндама жасауға келген ауыл шаруашылығы министрі де сақтықты ұмытпаған.   

"Мәжіліске маска тағып келіп едім, оны кейін депутаттардың бәрі маскасыз отырғаннан кейін, маған кішкене ыңғайсыз болды, шешіп тастадым, бірақ портфелімде маска бар", - деді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

50 адамнан артық жиналса, той жасауға тыйым салып жатқанда, 106 адамы бар мәжілістегі қорғану ережелерінің еленбеуін қалай түсінуге болады.

"Маскам жоқ. Шыққан соң аламын. Үйдегілерге маска табыңдар деп айттым, таппай жатыр қазір", - деп ақталды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Қауіпті індеттен қорғануға қажетті барлық нұсқаулықта жазылған маска, антисептик сынды бұйымдардың тапшы екендігі бірнеше күннен белгілі болғанымен оны үкіметтің қалай шешетіні беймәлім. Енді оны жауапты министрлердің өзінен де тікелей сұрау мүмкін бомайды, өйткені үкімет отырыстары журналистердің қатысуынсыз өтеді.  


Тегтер: мәжіліс, депутат, коронавирус

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.