Жаңалықтар

Astana Media Week 2024: Медианың әсері және цифрлық сәйкестік

2024 жылдың 25-27 қыркүйегі аралығында Астана қаласының «Қазмедиа орталығы» медиа орталығында медиа және цифрлық коммуникациялар саласына арналған жыл сайынғы іс-шара Astana Media Week 2024 өтеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Медиа компаниялардың жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және танымал журналистер сала алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналады. Медиа апталықтың бағдарламасы аясында барлық қатысушылар медиа трансформация процестеріне қатысып, аудиториямен өзара әрекет етудің жаңа форматтарын талқылау үшін бас қосады. 

Әлемдегі тұрақсыздықтың өсіп, дағдарыстың белең алуы жағдайында медиа кеңістік те үлкен өзгерістерге ұшырауда. Бүгінгі таңда ұлттық медиаэкожүйенің тұрақтылығын нығайту, аудиториямен өзара қарым-қатынастың жаңа форматтарын табу және бұрын-соңды болмаған инновация деңгейінде журналистикаға деген сенімділікті қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі.

Astana Media Week сегіз жыл ішінде Қазақстанның медиа саласының дамуына елеулі әсер етіп, көптеген маңызды бастамаларға себепкер болды. Қолға алынған бұл бағыт биыл да жалғасын таппақ. 2024 жылғы медиа апталық та медианың қоғамдағы рөлін нығайту жолында маңызды қадамдардың бірін жасайды.

Astana Media Week 2024 қазақстандық медиа индустрияның болашағын барлық қатысушылармен ашық диалог құра отырып, ортаға инновациялар мен ортақ мүдделерді тоғыстырар ортақ алаңға айналары сөзсіз. Биылғы жылдың бағдарламасында медиадағы құқықтық трансформация, көп платформалы экожүйелерді дамыту, өңірлік, спорттық және салалық журналистика, балалар контенті және әлеуметтік шиеленісті басқарудағы ахуалдық орталықтардың рөлі ерекше назарда болады.

Astana Media Week 2024 қатысушыларға қазіргі заманғы медиа кеңістіктің алдында тұрған стратегиялық бағыттар мен сын-қатерлерді тану үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Іс-шара бағдарламасы «Медиа-мамандарды даярлау» талқылауын және «Superconnected: ЖИ, цифрлық медиа және техноәлеуметтік өмірдің болашағы» атты визионерлік дәрісті қоса алғанда, өзекті және маңызды тақырыптардың кең ауқымын қамтиды. 

Медиа апталықтың белсенді қатысушылары өздерінің кәсіби дағдыларын дамытып қана қоймай, Камбоджаға туристік сапар ұтысына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

25 және 26 қыркүйек - екі күн аралығында, медиа орталықтың фойесінде 50 метрлік LED экранында КОНТЕНТ-МАРКЕТ көрсетілетін болады. Іс-шараның бірінші күні жанрлардың кең спектрін қамтитын Қазақстанның республикалық және өңірлік телеарналарының бірегей контентін ұсынуға арналады. Екінші күні қатысушыларға озық медиа өнімдермен танысуға және кәсіби желіні кеңейтуге мүмкіндік бере отырып, жетекші өндіріс компанияларының ең озық тәжірибелері таныстырылады.

Сондай-ақ, шара аясында «Хабар» агенттігі» АҚ  ЖАБЫҚ ПИТЧИНГІ мен Кинопоиск платформасымен серіктестік қарым-қатынас орнатуға арналған медиа жобалардың ПИТЧИНГІ өтеді. Сондай-ақ, БАҚ мамандарының ақпараттық сауаттылығы мен тілдік құзыреттілігін арттыратын қазақ тіліндегі «МАҚСАТ» атта аббревиатуралардың жаппай диктанты да маңызды шара болмақ. Сонымен қатар жаңа масс-медиа туралы заң бойынша САРАПТАМАЛЫҚ ИНТЕРАКТИВ өткізу жоспарланған.

Astana Media Week 2024 шарасының үшінші күні — медиа коммуникация саласындағы үздік жетістіктері үшін «Үздік баспасөз хатшысы» сыйлығын табыстау салтанаты өтеді. Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке ведомстволардың, компаниялардың баспасөз хатшыларына арналған біліктілік семинарлары ұйымдастырылады. Бұл сессиялардың негізгі тақырыптары: «Медиа индустриядағы инновация: тиімді коммуникация құрудың 10 кейсі», «Құбылмалы медиа әлеміндегі ұлттық бірегейлік», «Цифрландыру дәуіріндегі медиа коммуникация этикасы: блогерлерден ЖИ мен дыбыстық көмекшілерге дейін», «Ақпараттың көп болуының қоғамға әсері», «Адами фактор және жасанды интеллект: медиадағы ақпаратты тексеру» және «Спичрайтинг – құндылықтар мен беделді қалыптастыру өнері».