Жаңалықтар

Жемқорлық автожол сапасын құрдымға жіберуде

Автожол сапасына байланысты мемлекеттік органдарға 20 мыңнан астам шағым түскен

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі автожол саласындағы жүйелі жемқорлық тәуекелдерін анықтады, - деп newsroom.kz хабарлайды. Агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық кеңесте жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері қаралды.

23 қазан күні өткен кеңеске Көлік министрі Марат Қарабаев, Жоғары аудиторлық палатаның, стратегиялық жоспарлау, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің, қаржы, өнеркәсіп және цифрландыру министрліктерінің өкілдері және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Кеңесте талқыланған мәселелердің бірі – соңғы бес жылда автожол саласына 6 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, жол сапасына байланысты халықтың шағымдары көбейіп отырғаны. Осыған байланысты агенттік автожол саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін анықтады.

“Агенттік жүргізген сыртқы талдау көрсеткендей, жол құрылысы мен жөндеу барысында барлық кезеңдерде жемқорлық тәуекелдері байқалады. Атап айтқанда, бастапқы кезеңдерде жол учаскелерінің қажеттілігі дұрыс анықталмайды, бұрын жөндеуден өткен жолдарға қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізіледі,” – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз хабарламасы.

Агенттік мәліметі бойынша, 2023-2024 жылдары автожол сапасына байланысты мемлекеттік органдарға 20 мыңнан астам шағым түскен. Агенттік биыл автожол саласында 24 қылмыстық істі тіркеді.

Жобалау кезеңінде сметаларда жұмыс көлемі мен материалдарды көбейту арқылы қаржы шамадан тыс көрсетіледі. Сонымен қатар, келісімшарттар тәжірибесі аз, ресурсы жеткіліксіз мердігерлермен немесе картельдік келісімшарттар арқылы жасалады.

“Жол активтері сапасының ұлттық орталығының анықталған ақаулар туралы қорытындылары міндетті емес, ал техникалық қадағалау өз функцияларын тек формальді түрде атқарады. Саланы дамыту үшін жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті толық пайдаланылмай отыр,” – делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз хабарламасы.

Агенттік автожол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс әзірлегенін хабарлады. Ұсыныстарда техникалық қадағалау институтының функционалын қайта қарау, жолдардың сапасын жақсарту мақсатында жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ автожолдардың цифрлық картасын жасау сияқты шаралар қарастырылған.

Бұл ұсыныстардың кейбірі қазірдің өзінде сынақтан өтуде. Мәселен, Атырау облысында автожолдардың бірін жөндеу кезінде «Цифрлық теңге» жобасы арқылы бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалау жоспарлануда.