Жаңалықтар

“Күн сайын қорлап келді”: Мектепте буллингке ұшыраған оқушылар көбейді

Оқу-ағарту министрінің орынбасары мектептердегі буллинг мәселесін есепке алды

Қазақстанда буллингке ұшыраған балалардың қатары көбейді. Соңғы уақытта мұндай жағдайға тап болған оқушылардың мәселесі қоғамда ашық талқылана бастады. MNU Newsroom сайты мектепте буллингке тап болған оқушылардың оқиғалары бойынша зерттеу жүргізді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Тараз қаласының тумасы Омар буллингке бірінші рет ұшырағанда 7 сыныпта оқыған. Сөзінше, мектебіндегі жоғарғы сынып оқушылары оны дәретханаға шақырып алып, ақша бопсалайтын. Омар “мұндай жиындар күнде өтетін, ақшасы жоқ балаларды үлкендер соққыға жығатын” деп есіне алады.

Ол анасы берген 500 теңгесін қорыққанынан сол жігіттерге беріп жүрген.

“Мектепке тіпті барғым келмейтін. Олар электрошокер, пышақ сияқты заттармен қорқытатын. Ешкім көмектеспейді, әркім өзіне жауап беретін”, – дейді жасөспірім.

 
Қазір Омар 14 жаста. Ол Тараздағы мектепте көрген қысымынан кейін ата-анасымен бірге Астана қаласына көшіп келген. Жасөспірім елордадағы мектебінде өзіне ешкім қысым көрсетпейтінін айтты. 

Омардың сөзінше, ақша бопсалап қорқытқан оқушылар 9-10 сыныпта оқыған. Жоғары сыныптағы балалар ақша бопсалаумен шектелмейтінін, балағат сөздермен кемсітіп, психологиялық та қысым көрсеткенін айтады.

Есімін атағысы келмеген Омардың анасы баласының мінез-құлқынан еш  өзгеріс байқамағанын сөз етті. Әдеттегідей әдепті, сабырлы дейді. 

Анасы мұндай жағдай болып жатқанын ата-аналар жиналысында білген.

«Мектепке бір барғанымда мектептің инспекторына жағдайды айтпақшы едім, бірақ орнында болмады. Полицияға шағымданайын дегенмін, бірақ ол кезде мектеп әкімшілігі [буллинг көрсетті деп айыпталған] 7 баланы бақылауға алып қойыпты», – деді анасы.

Оның айтуынша, бақылауға алынған оқушылар ары қарай оқуын мектепте жалғастыра берген.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 17,5 пайызы буллингке ұшырайды . Министрліктің сауалнамасына қатысқан оқушылардың 6,8 пайызы мектептегі өз қатарластарынан айына кем дегенде 2-3 рет қысым көретінін айтқан. 

Қазақстанда балалар мен әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын «НеМолчиKZ» қоры кейінгі жылдары мектептегі буллинг оқиғаларына қоғам назарын аудартып жүр. Мәселен, қордың жазуынша, қызын бір жарым сағат бойы жасөспірімдерден құралған топ соққыға жыққанын айтып, аналардың бірі көмек сұраған.

Буллингке ұшыраған балалардың бірі Ақжан 7-сыныпта біршама толық болғанын айтады. Жасөспірімнің сөзінше, мектептегі сыныптастары “Ақжанның бойы емес, салмағы өседі” деп мазақ ететін болған. 

“Кейде орындыққа отырайын деп жатқан сәтте мені құлату үшін орындықты алып тастайтын. Қаламның сиясын алып тастап, қағазды шайнап, сол қағазды қаламның сырты арқылы маған түкіріп, кемсітетін. Сыныптастарым мені 4-5 жыл шамасында күн сайын қорлап келді”, – деді Ақжан.

Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның өңірлерінде мектептердегі буллинг туралы оқиғалар ақпарат көздеріне жиі шығады. Оған Оқу ағарту министрі де дер кезінде назар аударып, мәселені шешуге тырысады. Мәселен, министр Ғани Бейсембаев Батыс Қазақстан облысына іс-сапармен барғанда өңірдегі әлімжеттік туралы жиын өткізген.

Айта кетелік, биыл мамырда Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан мектептердегі буллинг мәселесін есепке алып, бақылайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұған дейін ешқандай есеп жүргізілмеген. Себебі мектептегі буллинг әкімшілік не қылмыстық құқық бұзу ретінде саналмайды.