«Алтын сандықтың» үстінде жалаңбұт отырмыз ба?..
"Резюме демекші, оны да сауатты толтыра алмайтын азаматтар бар".
«Алтын сандықтың» үстінде отырған атыраулықтар мен ақтаулықтардың бәрі мұнайшы емес, - деп хабарлайды newsroom.kz
Десек те, жергілікті жастардың таңдауы көбінесе осы мамандыққа түсіп жатады. Неге? Біз бұл сауалды ширек ғасыр бойы табан аудармастан мұнай-газ саласында жұмыс жасаған Дәрмен Ароновқа қойып көрген едік. Анықтама үшін айта кетейік, Дәрмен Жұмабайұлы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшылық қызметтерде болған.
– О бастан мұнайшы болуды мақсат еттіңіз бе?
– Жалпы, Атырау да, Ақтау да – «алтын сандықтың» үстінде тұрған мұнайлы мекен болғандықтан, мұндағы тыныс-тіршілік тікелей мұнай өндірісімен байланысты ғой. Осында талай мұнайшылар ұрпағы өсіп шықты. Қазір де мұнда әрбір тұрғын мұнайшы болуды армандайды. Өзім де осы жердің түлегі екенімді мақтан тұтамын.
Мен ата-әжемнің тәрбиесінде болған баламын. Алғашқы мүшелге толғанда «кім боламын?» деп ойландым. Туған-туыстарымның көбісі электр-энергетика саласында қызмет етті. Мен де соған қарай бет алатын болармын деп ойладым. Бірақ, біз мектеп бітіріп жатқан кезде Теңіз кен орнын игеру жұмыстары белсенді түрде белең ала бастады. Содан ата-анам маған «неге мұнай факультетіне құжат тапсырып, кейін Теңізге жұмысқа кірмейсің?» деп ақылдарын айтты. Сөйтіп, сол кездегі аты жер жарған Мәскеудің Губкин университетіне оқуға түстім. Жасыратыны жоқ, бұл Кеңес Одағы кезіндегі ең мықты мұнай-газ мамандарын дайындайтын оқу орны болды. Сонда бес жыл білім алдым.
– Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Иә, Мәскеуде инженер-технолог мамандығын меңгеріп шыққан соң, Атыраудағы шетелдік компаниялардан тәжірибеден өттім. Осы кезде айым оңымнан туды деп түсіндім. Себебі, мұндай мүмкіндік кез келген түлекке беріле бермейді ғой. Аз уақыт ішінде «өндіріс технологиясы» бөлімінде, өндірістің өзінде де жүріп, теңдессіз тәжірибе жинадым. Сол кезде американдық басшылардың өздері маған осы жерде қалып, жұмыс жасауға шақырды. Бұған менің барлық қарым-қабілетім мен ынта-ықыласым сәйкес келетінін айтты. Осылайша, компаниялардың кадр бөліміне резюме жолдап жүрдім. Бір күні көптен күткен қоңырау сыңғыры да естілді. Алдымен сұхбаттасуға шақырды, одан сәтті өттім. Ақыры, армандаған қызметіме де қол жеткіздім.
Мен еңбек жолымды инженер көмекшісі болып бастадым. Ал, сегіз жылдан соң бөлім басшысы болдым. Артынша Астанаға ауысып, «ҚазМұнайГазда», кейін басқа да шетелдік жобаларда жұмыс жасадым. Бүгін, міне, алғашқы еңбек орныма қайта оралып, Үкімет және жұртшылықпен байланыс бойынша бас менеджер болып табысты еңбек етіп жатырмын.
– «Шетелдік компанияға қызметке тұрсам ғой» деп армандамайтын жас жоқ шығар, сірә?
– Сөзіңізбен толық келісемін. Себебі, өзім де осы кеңседе қызмет етуді армандаған адаммын. Мен еңбек еткен кәсіпорын 2002 жылы салынған еді. Оған дейін қызметкерлердің бәрі Теңіз кен орнында болды. Кейін осында көшірілді. Бүгінде мұнда мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның түгелге жуығы – өзіміздің қазақстандық мамандар. Шетелдіктер тек бес пайызын ғана құрайды. Бүгінде жергілікті жерден шыққан бірнеше азамат бас менеджер қызметін абыроймен атқарып келеді. Тіпті, басшылық құрамның жартысынан көбі – отандық қызметкерлер. Нақтырақ айтқанда, қазақстандық жоғары және орта буын басшыларының үлесі – 87 пайыз! Осылайша, тек біздің елімізде ғана емес, әлемде мұнай-газ мамандарының бірнеше буыны қалыптасты.
2007 жылдан бері 400-ден астам қазақстандық маман негізгі басшылық және техникалық қызметтердегі шетелдік әріптестерінің орнын ауыстырды. Еліміздегі шетелдік компаниялар тәжірибелі және жас мамандарды дамытудың ауқымды жүйесін құра біледі. Есесіне, қазір көптеген қазақстандық қызметкерлер АҚШ, Ұлыбритания, Тайланд, Аустралия және басқа да дамыған елдерде еңбек етіп, білімдерін шыңдауда. 2010 жылдан бері 100 мыңға жуық семинар-тренинг ұйымдастырылды. Жалпы, отыз жыл ішінде Теңіз, Королев кен орындарында 300 мың адам еңбек етіп, теңдессіз тәжірибе жинады.
– Айтпақшы, шетелдік компанияға жұмысқа орналасу өте қиын дегенді жиі естіп жатамыз...
– Бұл – жаңсақ пікір. Өйткені, мекеме барлық үміткерге де бірдей жағдай жасап қойған. Өз мүмкіндіктерін молынан көрсетіп, қарым-қабілеттерін дәлелдей алғандар бос тұрған вакансияларға орналасып жатыр. Ешкімге шектеу жоқ. Сондықтан, алыпқашпа әңгімелерге сенбей, бас кеңсеге келіп, сіз де бос жұмыс орнына резюме тапсыра аласыз. Резюме демекші, оны да сауатты толтыра алмайтын азаматтар бар. Әсіресе, жастар жағы нақты қай қызметті атқаруға дайын екенін және қандай білім-білігі барын көрсете алмай жатады. Тіпті, қазақ тілінде бір сөйлемді сауатты жазып бере алмағандарды да көрдік.
«Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Бүгінде Құлсарыда Сафи Өтебаев атында мұнай-газ колледжі бар. Мұнда түрлі мекемелердің сұранысына сай мамандар даярланады. Осында оқытылатын 12 мамандықтың бірі – бұрғышы. Болашақ бұрғышылар тек ториялық білім алып қана қоймай, оны арнайы шеберханада іс-тәжірибемен бекіте алады. Колледж ғимаратын салып берген де, керек-жарақпен қамтамасыз еткен де – шетелмен бірлескен кәсіпорындар.
– Алтындай қымбат уақытыңызды бөліп, барлық сауалымызға толыққанды жауап бергеніңіз үшін рахмет! Осынау жауапты қызметте мол табыс пен зор жетістіктер тілейміз!