Зияткерлік меншік – шығармашылық экономиканың негізі
IP ЖОҚ – ЭКОНОМИКА ЖОҚ!
Алматыда De Monfort University Kazakhstan алаңында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қолдауымен Шығармашылық бастамалар және мәдени мұра қоғамдық қоры «AUDOO.QZ» ЖШС бірлесіп, «Зияткерлік меншік – шығармашылық экономиканың негізі. IP ЖОҚ – ЭКОНОМИКА ЖОҚ» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел бағдарламасы зияткерлік құқықтарды қорғаудың, жасанды интеллект пен блокчейн технологияларын қолданудың, сондай-ақ осы саладағы білім берудің түрлі негіздерін талқылауды қамтыды.
Дөңгелек үстелдің сұхбат алаңы Алматы қаласының шығармашылық экономикасы түрлі салаларының сарапшыларын, оның ішінде, З.Розмат, Е.Беделхан, П.Көктішев, А.Жансерікова, Б.Қалдаяқова, А.Халимов және т.б. сарапшыларды біріктірді.
Дөңгелек үстел шеңберінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік орган өкілдері цифрландыру дәуіріндегі негізгі үрдістер мен Алматыдағы шығармашылық индустрияны дамыту мәселесін талқылады, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
«Біздің міндетіміз – шығармашылық жетістіктерді қорғау ғана емес, сонымен қатар олардың әлемдік аренаға сәтті енуі үшін жағдай жасау. Бұл үшін құқықтық реттеудің заманауи тәсілдері, инновациялық білім берудің бағдарламалары және жаһандық серіктестердің өзара белсенді әрекеттесуі қажет. Тек осылай ғана біз шығармашылық индустрияның тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Шығармашылық бастамалар және мәдени мұра қоғамдық қорымен бірлесіп, зияткерлік меншікті цифрлық қорғау саласындағы білімді тереңдету үшін білім беру бағдарламалары мен тренингтер енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп айтты кездесуде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев.
Дөңгелек үстел барысында, «AUDOO.QZ» қазақстандық компаниясы қызметтерінің тұсаукесері өтті. Бұл шығармашылық құқықтарды тіркеу, қауіпсіздік, қорғау және монетизациялау шешімдері, сондай-ақ шығармашылық экономика жөніндегі білім беру ресурсы.
«Жеңімпаз – ол адами данышпандықпен ойлап табылған жаңа идеялар мен әзірлемелерді енгізіп, экономиканы заманауи технологиялық деңгейге шығаратын адам. Тұтастай алғанда, IP және материалдық емес активтер саласы мемлекеттік экономикалық бағдарламалар мен халықаралық инвестициялық бизнес үшін басымдыққа айналды, өйткені ол барынша пайда алуға және бұрын-соңды болмаған әлеуметтік әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. S&P 500 индексіне сәйкес, 2020 жылдың өзінде компаниялардың жалпы нарықтық құнындағы материалдық емес активтердің үлесі 90%-ды құрады. Әлемдік тәжірибе IP монетизациясының ұлттық тұжырымдамасынсыз креативті экономиканың болмайтынын растайды», – деп атап өтті AUDOO.QZ бас директоры Эльнора Айтқалиева.
Соңғы жылдары Алматы кәсіпкерлер мен талантты жастарды көбірек тарта отырып, креативті индустрияның орталығына айналып отыр. Осыған байланысты, авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау саласында сапалы білім беру қажеттілігі артып отыр. Бұл шығармашылық жетістіктерді қорғап қана қоймай, олардың әлемдік аренаға сәтті енуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Шығармашылық индустрия саласындағы білім беру зияткерлік меншік құқықтарын қорғаумен тікелей байланысты, бұл жалпы Алматы үшін бірнеше себептерге байланысты өзекті», – деді өз кезегінде, Шығармашылық бастамалар және мәдени мұра қоғамдық қорының негізін қалаушы Дина Әбдірахмет, – Біріншіден, Алматы – бұл креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлер қаласы. Мұнда өз идеялары мен әзірлемелерін қорғауды қажет ететін көптеген шығармашыл жастар жұмыс істейді. Шығармашылық индустриялар қаланың экономикалық дамуының маңызды элементі болып табылады, ал заманауи құқықтық реттеу және инновациялық білім беру бағдарламалары Алматының әлемдік аренадағы орнын нығайтуға көмектеседі.
Бүгінгі таңда, біз креативті кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыруға, олардың бизнесін кеңейтуге және пайданы арттыруға нақты көңіл бөлу қажет екенін көріп отырмыз. Бұдан басқа, біз зияткерлік қызмет нәтижелерімен жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдылар алуға мүмкіндік беретін шығармашылық салаларға арналған өңіраралық білім беру орталығын құруға мүдделіміз».
Шығармашылық экономика тұрғысынан алғанда, уәкілетті бағынысты орган шығармашылық индустрия өкілдерінің зияткерлік құқықтарын қорғауды жақсарту үшін, бірқатар бастамаларды, оның ішінде, нормативтік бастамаларды іске асырды.
«Қазақстан Жаһандық инновациялық индексте (GII) өз көзқарасын нығайта отырып, халықаралық аренада елеулі табыстарын көрсетуді жалғастыруда. 2023 жылы республикамыз 132 елдің ішінен 81-ші орынға ие болды. Бұл ілгерілеу үкіметтің, жеке сектордың және зерттеулерді ілгерілету жөніндегі академиялық мекемелердің, зерттеулердің және технологиялық жаңалықтардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болып табылады, – деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Әлия Оспанова. – Жаһандық инновациялық индексте Қазақстан позициясының жақсаруы еліміздің өңірдегі жетекші инновациялық орталыққа айналуға ұмтылысын көрсетеді. Жаңа технологияларды енгізуге және инновациялар мәдениетін дамытуға белсенді көзқарас Қазақстанға жаһандық инновациялық аренада негізгі орындарды иеленуге мүмкіндік береді. Еліміз инновациялық саясатты, сол арқылы өзінің тұрақты өсуін қамтамасыз ете отырып және әлемдегі бәсекелестікке деген қабілеттілігін арттыра отырып, одан әрі нығайтуға ниетті болып отыр, бұл креативті индустрияны табысты түрде дамыту үшін, серіктестік пен өзара көмек режимінде бизнесті және мемлекеттің біртұтас жұмысын талап етеді. Барлық қатысушылар мегаполистің жасампаз экономикасының өсуі мен өркендеуіне тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қолайлы жағдай жасауға болатыны туралы ортақ пікірге келді».