Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 қазан, 2024 / Аман ШАМАР / Қаржы

Сауда мен өндіріс қатар өркендесе...

Экономикалық жағынан алсақ, экспорт қашан да қажет болады.

Сауда мен өндіріс қатар өркендесе...
Фото: скриншот из видео

Бұл жөнінде Алматы қаласының тұрғыны, кешегі экономист, бүгінгі бизнесмен Мұрат Қожабай айтып берді.

– Бүгінде сауда-саттықты өндіріс басуы тиіс деп ойламайсыз ба?

– Рас, бірақ, мәселе онда емес. Яғни, қазір елге қажетті мұнай өнімдері шығарылып жатыр. Әйтсе де, ірілі-ұсақты азық-түлік өндірісі жолға қойылмаған. Оған дәлел – супермаркет сөрелеріндегі тамақтың сырттан әкелінуі.

Жарайды, нан пісіретін наубайханалар болар. Ал, сүт, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да толып жатқан азықты өндіретін зауыт-фабрикалар ше? Айтқым келгені, бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері ең алдымен жергілікті жерден шығарылуы тиіс! Сонда ғана халық ешқандай қоспасыз, табиғи таза және арзан өнімдерді тұтынатын болады. Үкімет пен кәсіпкерлер бірлесіп, осы мәселені шұғыл шешуі керек.

– Өндіріске қажетті құрал-жабдық неге сырттан әкелінеді?

– Өзіңізге белгілі, бізде «Теңізшевройл», «НКОК» секілді небір алпауыт мекемелер бар. Олар өздеріне қажет құрылғылардың 70-80 пайызын шетелден сатып алады. Бұлай болмайды. Біз неге өзге елдердің экономикасын дамытуымыз керек? Ірі компаниялардың сұранысын жергілікті жерден шығатын өнімдермен де қамтуға әбден болады!

Мен бұл жерде күрделі әрі сирек кездесетін құралдарды айтпаймын. Бұрыннан қолданылып келе жатқан және бүгінде кеңінен таралғандарын айтып отырмын. Ең болмаса, сол құрал-жабықты құрастырумен жергілікті мамандар айналыса алады ғой?! Әйтпесе, сырттан сатып алынатын қымбат құрылғылар істен шыққанда, оны жөндейтін де біз емес. Егер өз қажеттілігімізді өзіміз өтей алмасақ, экономикамыз қалай өседі, қалай өркендейді?

– Экспортты сәл тоқтата тұрса, ішкі нарық ретке келуі мүмкін бе?

– Экономикалық жағынан алсақ, экспорт қашан да қажет болады. Бірақ, сөзіңіздің жаны бар. Экспорттан бұрын ішкі нарықты қамтып алуымыз керек. Өзіміз аш отыратын болсақ, өзгеге не ұсына аламыз? Сондықтан, алдымен жанар-жағармай, сұйытылған газ секілді ең маңызды өнімдермен ішкі сұранысты өтеп алу қажет.  Содан артылғанын сыртқа да шығаруға болады.  

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату