Экология

Балконда бақ өсе ме?

"Жалпы, жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады".

Егінді айтпағанда, қарапайым көгалдандыру жайы қозғала қалса, «бұл үшін арнайы егіс алқабы керек»  деген уәждер айтыла бастайды. Осы орайда, тіпті, балконда да бақ өсіріп жатқандарды көргенде, сүйсінбеске шараң қалмайды. Балконды былай қойғанда, көпқабатты үй тұрғындары өз ауласында бір-бір жеміс ағашын жайқалтуына болады ғой!

Міне, сондай жандардың бірі – Алматы қаласының байырғы тұрғындарының бірі – Гүлсезім Жұмажанқызы. Ол аядай аулада өсіріп жатқан гүл бағын күн сайын күтіп-баптап отырады. Жасы сексенге жақындаған ардагер ұстаз әлі тың. Кезінде талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарған ол зейнет жасына жеткен соң гүл өсіруді қолға алғанын айтады.

– Жалпы, жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, денсаулығы жақсарады, көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Өйткені, олар көп уақытын ғимараттар мен кеңсе ішінде өткізеді. Тіпті, сол кеңседегі гүлдердің өзін суаруға уақыт таппай жатады.

Ал, бұрынғы кездері кеңсе жұмысшылары бір сәт кабинеттен шығып, табиғат аясында арнайы үзіліс жасаушы еді. Қазір ондай жоқ. Өйткені, уақыт тапшы. Сондықтан, демалыс күндерін үйде емес, сыртта, әсіресе, тал-теректің саясында өткізген тиімді. Мәселен, біз отбасымызбен бос уақытымызды гүлдерді күтіп-баптаумен өткіземіз. Тоқсан жасқа таяп қалған жолдасым екеумізді осы маңдағы тұрғындардың бәрі біледі, - дейді ол.

Балкон дейміз-ау, бір бөлменің ішінде құлпынай құлпыртып, жапырақ жайқалтып отырғандар да бар. Тек терезеден күн сәулесі түсіп тұрса, соның өзі жетіп жатыр. Осындай игі істі иіріп отырған тағы бір тұрғын Гүлнұр Бақытжанқызы құлпынаймен қатар авокада мен лимон өсімдігінен де өнім алады екен. Оның айтуынша, сырттан саудаланып жатқан жеміс-жидекті өзімізде де өсіруге болады.

Иә, ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді. Бұл ретте, біреулер «пәтерде піскен жеміс дәмсіз болады» деуі де мүмкін. Әйтсе де, мұны біз мысал ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал, оның қасында жергілікті тұрғындар жылыжайдың да жемісін жеп отырған жоқ па? Олай болса, егін еккісі келген жан жөнін табады.

Р.S. Қалай десек те, алдыңғы толқын аға-апалар кейінгі кіші буынға үлгі болуы тиіс. Себебі, нарықтың шырмауына шырмалған бүгінгі ұрпақ жерге дән егіп, қашан жеміс піскенін күткісі келмейді. Сондықтан егін егу мен жасыл желек жайқалтуға тек кәсіп ретінде ғана қарамай, отбасылық құндылыққа айналдырған абзал. Уақыттың өзі бізге мұны мойындатып отыр.