Қаржы

"Борышкерлерге жауапкершілік жетіспейді"

"Жұрт кредит алуға жауапкершілікпен қарамайды".

Алматы секілді ірі шаһарларда кредит алу үлесі айтарлықтай зор екенін айтады мамандар. Ал, оған не себеп?

Белгілі сарапшы Ғазиз Әбішев бұған жалақының аздығы себеп болуы мүмкін екенін айтады.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 1 миллион 800 мың адам ең төмен жалақы алатынын айтып қалды. Елімізде ең төмен жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Мұнымен алматылықтар қай жыртығын жамайды? Қарапайым жолды алсақ, бір күнде жұмысқа барып келуге 240+240, яғни, 480 теңге кетеді. Бір айда бұл 9600 теңгені құрайды. Жаңағы айтып отырған жалақының бұл 11 пайызы болып шыға келеді. Ал, такси бағасы 4 мың теңгеден кем түспейді» дейді ол.

Сондықтан да болар, «Фемида-көмек» қаржылық сауықтыру көмек орталығының басшысы Ләззат Қарамұратованың айтуынша, халық кредитсіз күн көре алмайтын жағдайға жетіп отыр.

Айтуынша, қазір қарыздан құтыла алмай жүргендерге жылдам ақша беретін көлеңкелі бизнестің де дәурені қызып тұр. 

– Жалпы, борышкердің ісі сот орындаушыға жеткенде жалақының жартысын банк алып отырады. Ондай адамдар бізге келіп көмек сұрап жатады. Біз өз тарапымыздан банкке арыз жазып, үш күн ішінде бұғатталған шотты ашып береміз. Кейін банктен кредит төлеу кестесін қайта жасап беруді сұраймыз. Әйтпесе, алты айдан соң қарыз төленбесе, шот қайта жабылады. Бүгінде азаматтар «Қарызсыз қоғам» жобасына жүгініп, қарыздан құтылудың жолдарын үйренуде. Бір қызығы, азаматтардың көбі жаңғырығы жер жарған жарнамаларға оп-оңай сеніп қалады. Ал, табыс табуды ғана білетін банктер көп нәрсені жарнамада жасырып қалады, - дейді ол.

Қарыз адамды тек материалдық жағынан ғана емес, рухани тұрғыдан да күйзеліске түсіреді. Мұны психолог мамандар да айтудан кенде емес. Солардың бірі Ғалия Тоқтаровадан көмек сұрап келетіндердің 80 пайызы – кредиттен жапа шеккендер екен.   

– Жұрт кредит алуға жауапкершілікпен қарамайды. Оны алудың нақты қандай қажеттілігі бар екенін зерделемейді. Тұрмыстық техника алса да, қонақ шақырса да  банкке қарай жүгіреді. Артынша бармақ шайнап қалады. Ал, несие тек тұрақты жұмысы бар жанға ғана пайдалы болуы мүмкін. Онда да, әр нәрсенің мөлшерін білу керек қой. Халық арасында «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Міне, ата-бабамыз айтып кеткен осы бір өсиеттің өзі бүгінгі қоғамға қаратылып айтылғандай.

Көптеген адамдар кредит алғанымен, күнделікті кірісі мен шығысын есптемейді. Оны күнделік секілді дәптерге жазып жүрсе де артық етпейді. Сонда қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық көріп тұрар едіңіз. Бұған да ерінетін болсаңыз, орныңызға есеп жүргізетін түрлі қосымшалар да жетіп жатыр. Мәселен, ер адамдар қарапайым темекіге кететін ақшаның өзін санап жатпайды. Оған бір айда 30 мың теңгеден артық болмаса, кем кетпейді. Ал, егер қаражатыңыз қалтаға сыймай бара жатса, білім алу мен бизнес бастауға инвестиция ретінде құйыңыз. Болмаса, депозит ашыңыз, сонда ақшаңыз айналымға түсіп, тегін табыс түсіп отырады ғой, - дейді психолог маман.