Мәдениет

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына арналған конференция өтті

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты

Алматы қаласының «Достық үйінде» қазақ әдебиетінің қайталанбас суреткері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Іс-шараға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Сөз өнерінің сардары саналы ғұмырын ұлтының дүниетанымын байытуға арнады. Әдебиет әлеміне құбылыс болып енген сұңғыла суреткер қазақ прозасына ерекше қолтаңбасын қалдырды. Көзі тірісінде-ақ классик атанған жазушы қаламгерлердің жаңа буынына үлгі-өнеге көрсетіп, өзіндік мектебін қалыптастырды. Әбеңнің әр туындысынан туған жерге деген риясыз сүйіспеншілігі айқын көрінеді. Оның «Қан мен тер», «Соңғы парыз» секілді романдарын өз заманының айнасы деуге болады. Арал арқылы қазақтың, қазақ арқылы барша адамзаттың мәселесін көтерген бұл шығармалар – әлем өркениетіне қосылған құнды қазына», – делінген құттықтау хатта.


Өз сөзінде Аида Балаева қаламгерді еске алуға арналған іс-шараның маңызын атап өтті.

«Президент атап өткендей, Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген тұлға. Бұл сөзімізге оның шет тілдерге аударылған шығармалары, әлем оқырмандарының жоғары бағасы дәлел бола алады. Бүгінгі конференция жазушының шығармашылығын жаңа қырынан зерделеуге жол ашады деген үміттемін», – деді министр.

Сондай-ақ, жазушының жүз жылдық мерейтойына орай еліміздің барлық өңірінде іргелі іс-шаралар, әдеби кештер ұйымдастырылғанын айтты. Кейінгі үш айдың өзінде өңірлерде 50-ге тарта іс-шара өтті. Басылым беттерінде қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы 200-ден астам мақала жарық көріп, телеарналардан «Орындалмаған аманат», «Абыз ғұмыр» атты деректі фильмдер және түрлі сюжеттер көрсетілді.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мәдениет-өнер өкілдері қатысты.

Айта кетелік, конференция аясында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұрған үйіне ілінген ескерткіш тақтаның және Достық үйінде фотокөрменің ашылуы өтті.