Бір жоба үшін гранттың максималды сомасы 350 млн теңге
2025-2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына 439 өтініш қабылданды
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсына өтінімдер қабылдау аяқталды деп мәлімдеді ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, - деп хабарлайды newsroom.kz. Жалпы 439 өтініш келіп түскен. Бір жоба үшін гранттың максималды сомасы 350 млн теңгені құрайды. Грант алатын барлық жобалар 2025-2027 жылдар ішінде іске асырылуы тиіс.
Қазіргі уақытта Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы тіркелген өтінімдердің конкурстық құжаттамаға сәйкестігін тексеруде. Тексеру қорытындысы бойынша өтініш берушілерге ескертулерді жою үшін үш күн беріледі. Ескертулер жойылғаннан кейін, өтінімдер технологиялық және экономикалық (маркетингтік) сараптама кезеңіне тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жіберіледі.
Сараптамалар аяқталған соң, ҰМҒТСО жиынтық қорытындыларды қалыптастырады. Жобалардың сараланған тізімі мен құжаттар пакеті қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын Ұлттық ғылыми кеңеске жолданады.
Экология, суды үнемдеу технологиялары және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасы, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы, геологиялық барлау, тау-кен металлургия кешені, өңдеу өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, цифрлық және ғарыштық технологиялар, сапалы білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен, экологиялық, агро- және этнографиялық туризм, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік салалары бойынша жобалар іске асырылатын болады.