Төтенше жағдайлар министрі атқарылған жұмыстарды баяндады
Қазіргі уақытта министрліктің қызметі теориядан практикаға көшуге бағытталған
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі және даму жоспары туралы комитеттің тақырыптық отырысы өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz
Төтенше жағдайлар министрі Әрінов Шыңғыс Сайранұлы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
- Қазіргі уақытта министрліктің қызметі теориядан практикаға көшуге бағытталған. Осыған байланысты халықты төтенше жағдайлардан қорғауды арттыру бойынша шаралар кешені қабылданды. Ең алдымен қызметтердің жүйесіздігі төтенше жағдайлар кезінде жедел ден қоюға кері әсерін тигізді.
Осыған байланысты "Дара басшылық" қағидатына негізделген вертикалды басқару билігін құру шешімі қабылданды. Өңірлердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттері, өрт сөндіру қызметі және жедел құтқару жасақтары төтенше жағдай департаментіне біріктірілетін болады,- деді министр.
Сондай-ақ министр елдің бірқатар қалаларында қауіпсіздікті нығайту үшін ТЖМ әскери бөлімдері есебінен құтқару батальондары жасақталғанын мәлімдеді.
- Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында қауіпсіздікті нығайту үшін ТЖМ әскери бөлімдері есебінен құтқару батальондары жасақталды. Бұл төтенше жағдайларды жедел жоюға және қаржылық шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді,- деп мәлімдеді министр.
Сонымен қатар министр өрт сөндіру қызметінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
- Өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі жақсартылды. Жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 728 арнайы техника, 18 мыңнан астам керекті жабдықтар сатып алынатын болады- деді министр.