Жаңалықтар

Әуезов университетінде Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының дербес құрылуына бастамашы болған Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған "Нұртас Оңдасынов – тарих және тұлға" атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара барысында университет ғимаратында Нұртас Оңдасыновқа мемориалдық тақта орнатылып, оның атынан оқу залы ашылды. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Зауытбек Тұрысбеков, Оразкүл Асанғазы, оңдасыновтанушы Гүлзада Оразалы, "Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қоры" Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Сұлтан Тәукебаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, өңірдің зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Университеттің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Ғани Бесбаев Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мерейтойға арналған құттықтауын жеткізді.

"Нұртас Дәндібайұлының Әуезов университетінің тарихында үлкен орны бар. 1943 жылы қиын-қыстау кезеңде Шымкент технология институты жабылғанда, Нұртас атамыз шұғыл шешім қабылдап, Мәскеудегі Сталинге кіріп, табандылығының арқасында оқу орнын сақтап қалды. Алдағы уақытта жас ғалымдарымыздың тарапынан тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы жаңа дәуірде ғылыми зерттеулеріне өзек болады деп сенеміз", – деді Ғани Әбзелбекұлы.

Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты. Ұлт қайраткері еліміздің мұнай-газ саласын игеру, Қазақ Ғылым академиясы, Қыздар педагогикалық институты, Абай атындағы Опера және балет театры, консерватория және басқа да нысандардың ашылуына ұйытқы болды.

Ғылыми конференцияда қатысушылар ғалымның өмірі мен еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, мектеп бағдарламасындағы әдеби оқулықтарға оның мұрасын енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді.

"Еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Нұртас Оңдасыновтың еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Оның мұрасы жастардың патриоттық рухын көтеруге және ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді", – деді конференция қатысушылары.

Іс-шараның соңында қатысушылар Нұртас Оңдасыновтың атынан ашылған оқу залымен танысып, оның өмірі мен қызметіне арналған көрмені тамашалады.