"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз"
Мемлекет басшысы республика күніне орай өткен салтанатты жиында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің еңбегін бағалау керектігін айтты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты іс-шарада бірлік пен әділеттілікке шақырып, еліміздің болашағы жарқын болуы үшін әр азаматтың жауапкершілігі бар екенін атап өтті, - деп хабарлайды newsroom.kz.
"Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық," – деді Мемлекет басшысы.
Президент әділдіктің қоғамдағы рөліне ерекше назар аударды: "Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ."
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанды құрудағы тарихи үлесін атап өтті.
"Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды," – деді ол.
Мемлекет басшысы тарихқа әділ баға берудің маңызды екенін де айтты. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс екендігін тілге тиек етті.
Президенттің бұл үндеуі еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға, әділетті қоғам құруға бағытталған. Халықты өзара қолдау мен құрметке шақырып, ортақ мақсаттарға бірге ұмтылудың маңыздылығын ерекше атап өтті.