Жаңалықтар

Журналист Ербаян Мұхтар жайлы нарратив жазып шықты

Тілші Қосшыға бірнеше рет барып, төсек тартқан сарбаздың жақындарынан сұхбат алған

Қазақстандық журналист Ербаян Мұхтар туралы 13 бет нарратив жазып шықты. Ол оқиғаның анық-қанығын білу үшін төсек тартып жатқан Ербаян Мұхтардың үйіне барып, сұхбат алған. Бұл туралы Жолдас Орисбаев өз Facebook парақшасында жариялады,- деп хабарлайды newsroom.kz

" MNU Newsroom-дағы бір шәкіртім Ербаян Мұхтар туралы 13 бет лонг нарратив жазып шықты. Шамамен бір ай уақыты кетті. Журналиске бәрінен Ербаянның отбасының сеніміне кіру өте қиын болды. Студентім human story элементтеріне көбірек ден қою үшін Қосшыға бірнеше рет барып, төсек тартқан сарбаздың ата-анасы, қарындасы мен ағасынан 3-4 сағаттық сұқбат жазды. Сосын үйінде тағы қалып, іштегі көңіл-күй мен үдерісті бақылады. 

Анасы Гүлсім Қамиева бар болған оқиғадан кейін үкіметтегілерге әбден сенбей қалған ғой. Бір кезде анасы журналистен "үкімет адамы, тыңшысы" деп күдіктеніп, сұрақтарына жауап бермей қойды. Сосын мен араласып, түсіндірдім. Содан кейін жұмысын жалғастырды. 

Мақалада хронологиялық тәртіп бар, яғни Ербаян кім, не болды, қалай болды, үкімет реакциясы, Түркияға ұшып кеткеніне дейін бәрі бәрі ретімен түсіндіріледі. Журналист "жалқыдан жалпыға өту", "бір оқиғаны бірнеше тараптан түсіндіру", "жеке адам оқиғасымен ізгілендіру", "Түрлі ойға жетелейтін қорытынды" секілді сторителлинг техникаларына жүгінген"- деді ол. 

Өз сөзінде Жолдас Орисбаев мақаланың ағылшын тіліне аударып, шет елдік басылымдарға жібергенін айтты.

"Мақаланы ағылшын тіліне аударып, The New York Times, Washington Post, The Wall Street Journal, ProPublica, The New Yorker және The Atlantic басылымдарына кеше жіберіп қойдым. Егер біреуі история маңызды деп тапса, аздап өзгерту енгізіп, жариялап қалар деп үміттенемін. ProPublica редакторы қосымша бір форманы толтыруды сұрапты. Оны студент толтырып жібереді. Сосын NYT, The New Yorker және The Atlantic басылымдарынан бір апта ішінде мақала саралаудан өтсе, байланысатынын түсіндірген авто жауап келді. 

Әзірге мәтінді жарияламай, жауаптарды күтеміз. Ағылшын нұсқасы бір жерге шығып жатса, қазақшасын да жариялаймыз"- деп жазды Жолдас Орисбаев.