Жаңалықтар

Атыраулық жас дарын әлемді бағындырғысы келеді

Арманын айға білеп, үлкен өнерге жолдама алған мұзбалақтың қайтпас мінезі мен ерекше еңбексүйгіш қасиеті оны жоғары дәрежеге жеткізіп отыр.

Бір емес, бірнеше ұлттық аспаптың құлағында еркін ойнайтын Мақат ауданының тұрғыны Нұрмұхамбет Айтбай бүгінде өнер мектебі жанынан құрылған балалар оркестрінде өнер көрсетеді.

Нұрмұхамбет қазір бір шығарманы бір күнде игеріп алатындай дәрежеге жеткен. Мұны Мақат балалар өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зарина Дүйсенова да растайды.  

«Өнер адамдары әдетте арық сөйлеп, семіз шығады ғой. Яғни, өзінің қолынан не келетінін құр сөзбен емес, іспен көрсетіп жатады. Дәл осындай қасиетті біз шәкіртіміз Нұрмұхамбеттің де бойынан байқаймыз. Оның муызыканы айна-қатесіз дәл қабылдауы, оны тыңдарманға шебер жеткізуі – өте тамаша! Оны елден ерекшелеп тұратын тағы бір қасиеті – үлгілі тәртібі мен сабақ үлгерімі. Ол үлкенді сыйлап, кішіні қамқорлай біледі. Жүріс-тұрысы мен киім киісіне қарап-ақ қаншалықты ұқыпты, мәдениетті екенін көруге болады. Ал, әдепті қылығы мен жұмсақ мінезіне жан сүйсінеді. Әрі, өте ақылды және тапқыр бала. Өз уақытын өте тиімді пайдаланады. Мектепке бір минут кешікпестен келеді. Шамадан тыс көп дайындалады. Бойындағы дарыны мен біліміне тоқмейілсіп қалмай, оны одан әрі дамытуға ұмтылады. Қашан көрсек те, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондай-ақ, есте сақтау қабілеті де жоғары деңгейде. Әсіресе, қажетті ноталарды тез ұғып алады және ешқашан ұмытпайды» дейді ол.

Бүгінгі таңда өнер саласындағы ең үлкен мектептердің бірі де бірегейі, бұл – Алматы қаласында орналасқан Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей. Аталған өнер-білім ұясының басшысы Нұркен Әшіров өткен жылы ауданға арнайы келіп, өнерлі өрендерді өз мектебіне қабылдаған болатын. Еліміздің ең талантты балалары білім алатын мектепке түсу оңай емес. Бұл ретте, баланың нотаны ғана білуі аздық етеді. Сонымен қатар, оның есте сақтау қабілеті, ырғақты сезіне білуі, музыка арқылы тыңдарманмен тілдесе алуы және басқа да қосымша мүмкіндіктері ескеріледі. Міне, осындай сүрлеуі сан сынақтан біздің Нұрмұхамбет те сүрінбей өтіпті. Арманын айға білеп, үлкен өнерге жолдама алған мұзбалақтың қайтпас мінезі мен ерекше еңбексүйгіш қасиеті оны осындай жоғары дәрежеге жеткізіп отыр. Енді ол ақ шашты Алатау бөктеріндегі ару Алматыға арман қуып аттанып кетуге дайын-ақ тұр.

«Әкесі құқық қорғау органдарында полиция қызметкері болып еңбек етеді. Сондықтан тәртіп пен тәрбиеге қатты көңіл бөледі. Балаларын да үйде ұстап отырғысы келмейді. Әрқайсысы кетігін тауып дүниеге кірпіш болып қаланғанын қалайды. Тіпті, өзі секілді полицей болса деп те ойлап қояды. Бірақ, отбасымыз түгел бас қосып, ақылдаса келе баланың өнеріне балта шаппай, керісінше, одан әрі дамыту қажет деп шештік. Оның үстіне, ұлымның өзі де Алматыға барып, білім-білігін шыңдағысы келетінін айтады. Бір жағынан, бұл үшін атақты өнер меткеп-лицейінде барлық жағдай жасалған. Тіпті, жатақханасына дейін тегін беріледі. Соның өзі дарынды балаларды еріксіз өзіне елітіп тұрғандай» дейді кейіпкеріміздің анасы.