Жаңалықтар

Ланаға жеті өнер де аз

Қаршадай қыздың бойынан бір емес, бірнеше өнердің табылуы расымен де таңқаларлық әрі таңғажайып жағдай.

Доссор кентінде жас аспазшы Лана Жанболат тәтті пончиктерді тамаша пісіреді.

Ол бұл іспен он жасында айналыса бастағанын айтады.

«Тәтті тағамдарды пісіргенді жаным сүйеді. Әрі, оларды пісіру көп қиындық келтіре қоймайды. Ең бастысы жан қалауымен жасалуы керек, сонда бәрі де тәтті боп шығады. Мәселен, пончик пісіру үшін небәрі ұн, секер, тұз, ашықты, жұмыртқа, сарымай және сүт керек болады. Алдымен сұйық тағамдарды ыдысқа құйып аласыз да, бір қалыпқа саласыз. Сөйтіп, үстіне ұн сеуіп, майға аздап қуырып аласыз. Содан соң шоколадты ерітіп, пончикке жағып қоясыз. Міне, бар болғаны – осы. Бұл көп уақытыңызды алмайды. Ал, көңіл-күйіңіз болмаса, тамақ пісірудің де, сурет салудың да қажеті жоқ. Бір қызығы, ас пісіргенде күнбағыс майын, ал, сурет салғанда майлы бояуды пайдаланамыз. Екі өнердің тоғысатын жері осы дерсіз. Аспаздықты да мен ғаламтор көмегімен үйрендім. Қалай болғанда да, қазір оқимын, үйренемін, білемін деген жанға барлық жағдай жасалған ғой» дейді өнерлі өрен. 

Иә, қаршадай қыздың бойынан бір емес, бірнеше өнердің табылуы расымен де таңқаларлық әрі таңғажайып жағдай. Ол мектептегі оқуын тәмамдаған соң шетелге барып, айтулы білім ордаларында шығармашылығын шыңдағысы келеді. Жергілікті жерде әзірге ондай оқу орны жоқ. Бірақ, анасы Салтанат Бисенова қызының ел мен жер көріп, тұлғалық өсуіне еш қарсы емес.

– Мен өзім де бала кезімде суретші болуды армандаған едім. Арман қуып Алматыға да аттанып кеткім келді. Бірақ, үлкендер алысқа жібермеді. Жалпы, қазақ халқы бұрыннан да қыздарын алысқа жібермейді ғой. Осылайша, тіршілік пен тұрмыс арнасы мені мүлде басқа бағытқа қарай бұрып жіберді. Ақыры, суретші емес, есепші болдым. Бүгінде о бастағы арманымды қызымның бойынан көріп отырған жайым бар. Сондықтан да болар, оған үнемі қолдау көрсетіп келемін. Ол үш жасында-ақ қолына қарындаш ұстап, үй қабырғаларына сурет салып жүрді. Содан қажетті құралдарын, қағаз-бояуларын алып беріп жүрдім. «Мама, мен сурет салғым келіп тұр» десе болды, бөлмесіне кіргізіп жіберемін. Ол есікті жауып, біраз уақыт шықпай қояды. Кейін есігін ашып, сурет салып болғанын айтып мәз-мәйрам болады. Сол кезде өзін құдды бір бойынан ауыр жүк түсіп, жеңілдеп қалғандай сезінеді. Салған суреттерін бірде-бірін қалдырмай жинап қоямын. Мектептің атынан талай шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Күнделікті сабақ үлгерімі де жақсы. Тіпті, үй шаруасына да үлгеруге тырысады. Ол кішкентай кезінен шаруаға мығым болып өсті. Алға қойған мақсатына жетпей қоймайды, - дейді анасы.