Жаңалықтар

«Сармат» – сарбаздар мектебі

Елімізде патриоттық рухты көтеру бағытында ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деуге болмайды.

Бір сәт ойланып көрсек, қазіргі ата-аналар балаларын өз еліміздің емес, өзге мемлекеттің шекарасын қорғауға жіберіп жатқандай көрінеді.

Әке-шешенің жанарынан мұң, баланың бойынан үрей байқалады. Әсіресе, аналар жағы баласын қалайда әскерге жібермес үшін неше түрлі қулық-сұмдықтарға барып жатыр. Ал, шын мәнінде, ертең ел басына «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешетін» күн туа қалса, сол аналарды қорғайтын осы балалар емес пе? Осы ретте, біз атадан балаға аманатталып келе жатқан кең-байтақ жерімізге қызыға да қызғанып қарап отырған сырт көздер көп екенін бір сәт естен шығармауымыз керек.

Бірақ, елімізде патриоттық рухты көтеру бағытында ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деуге тағы болмайды. Себебі, әскери бөлімдер мен жасақтарда күн сайын іргелі істер атқарылып, жарқын жобалар қолға алынуда. Мысал келтірсек, биылғы оқу жылында алғаш рет «Сармат» әскери мамандандырылған лицей-мектебі өз жұмысын бастауда. Осыған орай біз аталған білім ұясында басшы қызметін уақытша атқарып жүрген Ерлан Тоқпаевты әңгімеге тартқан едік.

– Елімізде ең алғаш тегін негізде білім беретін әскери мектеп ашылып отыр. Бұл да тектен-тек жасалып жатқан дүние емес. Мақсат – ертең ержеткенде елін қорғайтын ерлерді тәрбиелеп шығару. Жасыратын несі бар, мен секілді орта және жоғары буын өкілдері әскери борышын кешегі кеңес үкіметі кезінде өтеді. Осы орайда, өткеннен де өнеге алар тұстар бар дер едім. Мәселен, бізді әскерге қазіргідей мектептен түлеп ұшарда немесе студенттік шақта емес, бала кезден дайындады. Ал, 9-сыныпты бітірген кезде арнайы тізімге алды. Содан 18 жасқа дейін денсаулығымызды тексеріп, егер ауру анықталса, тегін ем-дом жүргізді. Бүгінде дәл сондай жүйе жетіспей тұр. Қазір кішкентай тістің өзін емдету үшін қыруар қаражат керек қой. Мұны ата-аналардың бәрі бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да болар, әскер жасындағы жеткіншектердің көбісінің денсаулығы жарамсыз, - дейді ол.