Сумен қамту: 1,5 жылда межеге жету керек
9 өңірдің қала халқы 100% қамтылған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларында сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болды, ауылдық елді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Бұл ретте 9 өңірдің қала халқы 100% қамтылған, ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады. Көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді, бұл артта қалған өңірлер көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда республика бойынша 9 облыста топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 29 жоба іске асырылып жатыр. Барлығы 2 мың шақырым су құбырын қайта жаңарту және салу, сондай-ақ 437 елді мекенді сумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жалпы саны 92 мың адам тұратын 44 елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сараптама алғаннан кейін жүзеге асырылатын 5 жоба әзірленуде. Соның нәтижесінде 200 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесі жақсартылып, қамтамасыз етіледі.
2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге қарастырылған. Оның 106 млрд теңгесі қалаларда, ал 112 млрд теңгесі ауылдарда жобаны іске асыруға бөлінбек.
Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халық 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек екенін айтты.
Кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанына назар аударылды. Мәселен, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында ауыл ішіндегі желілер тартылған, ал Кенжебай және Рақымжансай кен орындарынан топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында.