Жаңалықтар

Жастар жаргонды көп қолдана ма?

Мемлекеттік тілдің қолдану аясына келгенде қыран көзіндей қырағылық танытқан абзал-ақ.

Аға буын өкілдері жас кездерінде «қораға кіру» деген сленгті жиі қолданғандарын айтады. Олардан кейінгі буын бұл сөз тіркесін «косякқа кіру» деп өзгерткен. Неге?

Бұған олардың өмір сүрген орталары әсер етсе керек. Орта буын өкілдері орыс тілі дүрілдеп тұрған кеңес заманында дүниеге келді ғой. Сәйкесінше, сол кездегі сленгтер орыс тілінен алынып отыр. Дұрысында, мұндай сөздерді шамадан тыс қолдану да ана тілімізге қауіпті. Өйткені, олардан кейде паразит және бейәдеп сөздер туып жатады. Солар уақыт өте келе әдеби сөздерді қолданыстан шығарып жіберуі де әбден мүмкін. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолдану аясына келгенде қыран көзіндей қырағылық танытқан абзал-ақ.

Жалпы, біз де, яғни, журналистер қауымы да әркез мемлекеттік тіл жанашырларының қатарынан табыламыз ғой. Сондықтан, сленгтерді өзге тілден емес, өзіміздің ана тілімізден алсақ қалай болар екен деген ұсыныс та жоқ емес. Осы орайда, университет қабырғасында орын алған бір қызық жағдай ойға оралып тұрғаны. Оқу орнына кіріп келген бір адам жастардан «Журналистика мамандығының бірінші курс студенттері қай қабатта оқиды?» деп сұраған еді. Сонда олардың бірі «балмұздақтар екінші қабатта» деп жауап берді. Осы кезде жастар жиі қолданатын «перваш» деген сленгтің «балмұздақ» деген қазақша нұсқасы жанымызға балмұздақтай жақты! Құлақтың құрышын қандыратын сөз! Міне, туған тілін жан-тәнімен жақсы көрсе, жастар да ана тілімізді қазақша сленгтермен байыта алады деген сөз.

Тағы бір қызықты қараңыз, ғалымдар қоғам арасында сауалнама жүргізіп, жаргондар мен сленгтерді 12-22 жас аралығындағылар көбірек қолданатынын анықтаған. Ал, бұрын бұл көрсеткіш 15 пен 25 жас аралығын қамтыған екен. Бұған ғылыми-техникалық прогрес, әсіресе, ғаламтор мен әлеуметтік желінің дамуы әсер етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың өзі телефонға телміріп өсіп келеді емес пе? Ал, сол телефон қай тілде «сайрап» жатыр, оған мән беріп жатқан біз жоқ. Қалай болғанда да, ғаламтор мен әлеуметтік желіде қазақ тілді контент неғұрлым көп болған сайын ана тілінің де қадір-қасиеті соғұрлым арта түсері хақ.