Аймақтар

Ауыл әкімінің қандай қасиеттері болуы керек?

Кездесу барысында жас ауыл тұрғындары сайлау жүйесінің түрлі мәселелері төңірегінде қызу әңгіме өрбітті.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің Атырауға сапары барысында ауыл тұрғындары әкімінің қандай қасиеттері болу қажет екенін және оған қойылатын талаптар төңірегінде өз көзқарастарымен бөлісті.

Сонымен, зейнеткер Ақниет Сахидің пікірінше, әкім ең алдымен әділ, адал, еңбекқор болуы және халық алдында берген уәдесін толық орындауы керек. Білім беру саласының ардагері, қоғамдық бастамадағы медиатор Қазима Кемелқызы аудан әкімінің сайлауында ауылдастарын кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын мұқият зерделегеннен кейін ғана белгілі бір кандидатқа дауыс беруге шақырды.

Ортсайлауком басшысы Миялы ауылында жергілікті сайлау комиссияларының алдағы сайлауға дайындық барысымен танысты, сондай-ақ №144 сайлау учаскесіне барды.

Қызылқоға ауданының орталығында ауыл жастарымен қызықты кездесу өтті. Нұрлан Мәжитұлы өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлауды халықаралық байқау, дауыс берудің баламалы тәсілдері және оларды қолданудың шетелдік тәжірибесі жайлы айтып берді. Атырау қаласының студенттері арасында өткізілгендей осы кездесуде де электронды сауалнама жүргізілді. Осы екі сауалнаманың нәтижелері жалпы ұқсас болды.

Кездесу барысында жас ауыл тұрғындары сайлау жүйесінің түрлі мәселелері төңірегінде қызу әңгіме өрбітті. Мысалы, Жастар орталығының қызметкері Ризабек Амантай мерзімінен бұрын дауыс беру институтын енгізу мүмкіндігіне, ал жас журналист Айсәуле Ардаққызы дауыс беру процесін цифрландыруға, сайлауда электрондық дауыс беруді енгізуге қызығушылық танытты.

Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар сайланатын аудан әкімі қандай қасиеттерге ие болу қажеттігі жайында да өз пікірлерін білдірді. Жастармен жұмыс жөніндегі мамандар Алтынгүл Айтқалиева мен Айдана Оспан жоғары білімінің, жеткілікті жұмыс тәжірибесінің болуына, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау қабілетіне тоқталды. Қаржы маманы Думан Нығметов пен кәсіпкерлік бөлімінің қызметкері Оралбек Отарбай халықпен және жастармен тиімді кері байланыс, оның ішінде әлеуметтік желілердегі байланыс дағдыларын бөліп көрсетті. Дулат Бәйдібек әкім жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге қабілеті болуы тиіс деді.

Бірінші кезекте, аудандарға сапар барысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне тексеру жүргізілді. Оқыту семинарлары аясында жергілікті сайлауды ұйымдастырушылар «Дауыс беру күні» атты іскерлік ойынын өткізді, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кейстік тапсырмалар, сайлау күні туындайтын стандартты емес жағдайлар келтірілді және оларды шешу әдістері түсіндірілді.

Сондай-ақ, Н.Әбдіровтың төрағалығымен кеңестер өтті, онда облыстық және Исатай және Қызылқоға аудандарының сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары алдағы сайлауға дайындық туралы баяндама жасады.

ОСК басшысы аудан әкімдерін сайлау ерекше екенін және жергілікті сайлау, атқарушы және құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Ол әкімдікке және аумақтық сайлау комиссияларына мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жеткілікті орын беру, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешу жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Қорытындылай келе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ағымдағы сайлау науқанының барлық кезеңдерінде сайлау заңнамасының нормаларын қатаң сақтау қажеттігін де баса атап өтті.