Әкімдер сайлауының маңызы зор
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық».
Мақат аудандық мәслихат депутаты Азамат Дәулетқалиев еліміздегі сайлау жүйесіне қатысты пікір білдірді.
– Алдымен, әкімдер сайлауының маңызына тоқталсаңыз...
Жалпы әкімдер сайлауы мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. Осылайша, азаматтар үшін өз елдімекендерінің дамуына тікелей ықпал етудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда.
Бұл ретте қоғамдық кеңестердің жұмысына деген халықтың қызығушылығы артып отыр. Оны Қазақстанның қоғамдық даму институтының зерттеуінің алдын ала нәтижесі бойынша аңғаруға болады. Азаматтар өздерінің облыс, аудан деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің жұмыстарына қызығушылық танытып, нәтижесінде ұйымның жұмысымен таныс азаматтардың үлесі көбейген. Бұның барлығы қоғамдық ұйымдардың жұмысын барынша демократияландыру үшін жасалып жатқан қадамдар деп түсінуіміз қажет. Өңірлерде өндірістік және өзге де мәселелер баршылық. Сондықтан халықтың үніне құлақ аса жұмыс істеу өте маңызды. Ал бұл сол процессті әлдеқайда ашық қылып жасап жатқан маңызды қадамның бірі. Сайлау кезінде өзін өзі ұсынған кандидаттар тұрғындарды барынша өз бағдарламасымен жақсылап таныстыруы тиіс. Ал сол бағдарламаны іске асыру жұмыстарын қоғамдық кеңес, ақсақалдар алқасы қатаң қадағалау керек деп ойлаймын.
Конституциялық реформа есебінен саяси модельді түбегейлі жаңарту, әкімдердің тікелей сайлануын енгізу – мұның барлығы қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси қатысуын арттыруға ықпал етеді.
Бұл сайлау қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру туралы маңызды міндетті көрсетеді. Сондықтан бұл аймақтардағы әкімдердің халықпен жұмыс істеудегі арадағы бәсекенің артуына сеп болмақ. Бұл ретте аймақты дамыту идеясы да жандана түсетіні анық. Себебі бұған дейін Президент өңірлердегі әкімдердің жауапкершілігін арттыру туралы айтып өткен еді, бұл аудандарға да қатысты.
– Бұл жолғы сайлау тағы қандай жаңа мүмкіндіктерге ие?
– Аудан әкімдерінің сайлауы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруға, уақыт талаптарына сәйкес мемлекеттік аппарат жұмысындағы тәсілдерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда сайлау әкімдер корпусының жаңаруына, мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етті. Мұның бәрі жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі дамуына оң серпін береді, елдегі прогрессивті өзгерістерге түрткі болады. Аудан әкімдерінің сайлауы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі институционалдық өзгерістерге әкеледі. Ол ұзақ мерзімді перспективада мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастардың сипатын анықтайтын сапалы жаңа ортаның негізін қалайды.
– Жергілікті жердегі мәселелерді шешуге сайлаудың септігі бола ма?
– Аудан әкімдерінің сайлау билік тұтастығын сақтай отырып, жергілікті жерде өңірлік мәселелердің жедел шешілуін күшейтеді және жергілікті басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістер әкеледі.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» конституциялық нормасы кеңейе түсті. Бұрын тек азаматтар жоғары билікті сайлауға қатысса, енді әрбір аудан, ауыл әкімдерінің сайлауына мүмкіндік бар. Бұрын жұрт өз әкімдерін көрмейтін, ал қазір әлеуметтік желі арқылы бақылап, әкім кездесулері мен есептеріне келіп сауалдарын жолдауға болады.
Сондай-ақ, бұл әкімдер корпусын жаңалайды. Мәселен, 2021 жылы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдері деңгейінде апробация өткенде 1 668 әкім сайланып, олардың 57,4%-ы бұрын бұл қызметте жұмыс істемегені айтылған. Бұл жаңа саяси коммуникация желісінің құрылуына себепші. Тұрғындар жергілікті мәселені ортақтасып шешеді, оны басқарып, үйлестіретін әкімін өздері таңдайды. Таңдаған әкімдері арқылы саясатты жасауға атсалысады.
Ауыл әкімдерін сайлаудағы қазақстандық модель эволюциялық жолын өткеруде. Бізге дейінгі болыстарды сайлау жүйесі сыртқы әкімшілік реформа нәтижесінде енген. Оны тарих кеңістігінде зерделеп, баға беру қажет. Үміткерлердің үштен екісіне жуығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдалануы азаматтардың саяси көшбасшылыққа дербес бәсекесін бейнелейді.
– Әңгімеңізге рахмет!