Кішкентай Моцарт
Домбыра – аспаптардың төресі.
Бір ғана Мақат балалар өнер мектебінен еліміздің атын Еуропа мен Америкаға танытқан талай талант иелері түлеп ұшты. Сол игі үрдіс бүгінде жарасымды жалғасын тауып жатыр...
Біз бұл жолы бала болса да үлкен өнерге қанат қағып, Алматыдан арнайы шақырту алып отырған өнерпаз Нұрмұхамбет Айтбай туралы әңгіме өрбітпекпіз. Қазір ол аталған өнер мектебінің төртінші сыныбында оқиды. Алғашқыда 2020 жылы тек күйсандық мамандығы бойынша мектепке қабылданған жас дарын иесі кейін өз бетімен бірнеше аспапты меңгеріп алған екен.
«Мен өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем кезінде домбыра шерткен, анам – кәсіби биші. Ал, қарындасым домбырада, інім сырнайда ойнайды. Бастапқыда күйсандыққа қызықтым, көп ұзамай домбыра мен шертерді де меңгеріп алдым. Маған, әсіресе, домбырада ойнау таңғажайып сезім сыйлайды. Әр саусағым қажетті пернеге нық тиген кезде бойымды керемет күй билейді. Оны қарапайым сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осының өзі халқымыздың өмірінде ойып орын алатын аспаптың қаншалықты құнды құрал екенін айқын аңғартып тұрғандай» дейді кейіпкеріміздің өзі.
Расымен де, домбыра – аспаптардың төресі. Сірә, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тіпті, 2018 жылы еліміздің тұңғыш президентінің жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі – арнайы Ұлттық домбыра күні болып та бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі: «Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз» деп көпшілікті ұлттық аспапты ұлықтауға шақырып отыр емес пе?!
Бір қызығы, «толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, Нұрмұхамбеттің анасы Әсем Ерімова да баласы тәлім алатын өнер ұясында хореограф болып еңбек етеді. Ол ұлына қай өнер саласын таңдау қажеттігін айтпаған, мұны өз еркіне қалдырған. Себебі, адам жүрек қалауымен өмір сүруі керек деп санайды.
«Мен оның кішкентай кезінде дауыстап ән айтатынын байқап, оның болашақта өнер жолын қуатынын түсіндім. Сөйтіп, өзі де өнер мектебіне фортепиано мамандығы бойынша қабылданып, оны аз уақытта жоғары деңгейде меңгеріп алды. Ол ұстазы тапсырма ретінде берген шығармаларды орындауды ғана үйреніп қоймай, өзі қосымша ізденгенді жөн санады. Ғаламторға кіріп, «ютуб» және басқа да әлеуметтік желі мен парақшаларды қарап, онлайн сабақтарға қатысты. Күнделікті шығармалардан бөлек классикалық күрделі туындыларды орындауға асықты. Осылайша, әлемдік музыка тарихындағы ұлы композитор Бетховеннің шығармаларын орындай бастады. Бұған мұғалімі де таңырқап, түрлі конкурстарға қатыстырып, бағыт-бағдар беріп отырды» дейді ол.
Ақыры, талап пен таланттың тұлпарын кезек-кезек мінген жас дарын сан байқауда талай топ жарып, аудан абыройын асқақтатумен келеді.