Сұхбат

Әуелейді қазақтың Әнұраны...

Әнұран немесе Гимн, гректің «hunos» – салтанатты ән, ұран деген сөзінен шыққан.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет 1992 жылы және 2006 жылы бекітілді. 1992 жылы республика мемлекеттік егемендік алғаннан кейін Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау нәтижесінде Қазақ КСР әнұранының музыкалық нұсқасын сақтау туралы шешім қабылданды...

Осы орайда біз мемлекеттік нышандарды халыққа танытуға саналы ғұмырын арнап келе жатқан азамат – Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі  ұлттық орталықтың атқарушы директоры Руслан Хамзамен сұхбаттасқан едік.

– Мемлекеттік Гимн авторларын бөліп-жармай бәріне ортақ ескерткіш орнату керек деп ойлайсыз ба?

– Иә, дәл солай! Бүгінгі ұрпақтың есіне сала кетейін, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди алғашқы қазақстандық әнұранның авторлары болды. Үздік мәтінге арналған байқауда белгілі ақындар – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева ұсынған авторлар тобы жеңіске жетті. Танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» Қазақстан Республикасының жаңа Гимнінің негізі болды. Оны 1956 жылы атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған болатын. Әнге жоғары мемлекеттік әнұран мәртебесін және салтанатты дыбыс беру үшін Қазақстанның бұрынғы Президенті Н.Назарбаев бастапқы мәтініне толықтырулар енгізді.

Жалпы, Әнұран немесе Гимн, гректің «hunos» – салтанатты ән, ұран деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік Гимн халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспеттес. Оның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, атамекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттік Гимн – егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбасының сазды баламасы.