Ұлттық құндылықтар ұмыт болмаса игі...
Жалпы, қазақтың әдет-ғұрпы күнделікті тұрмыстан туындаған.
Атақты батагөй ақсақал, спорт саласының ардагері Ақмырза Батырқайыров қазақтың атадан балаға аманатталып келе жатқан салт-дәстүрі мен ұлағат сөздері бүгінде ұмытылып барады деп алаңдаулы. Айтуынша, біз басқа елдердің салт-санасы мен әдет-ғұрпына еліктейміз деп ұлттық құндылықтарымыздан қашықтап жатырмыз.
– Мен үлкен кісі болған соң саябаққа барып, демалып отырамын. Сол кезде қара жамылған жас келіншектерді жиі көремін. Бірде шыдай алмай «айдың-күннің аманында қара жамылып не болды, қазақ қашан бұлай киінген?» дедім. Әлгілердің бірі «сізге бәрібір емес пе?» дегені. Бұл не деген сөз? Яғни, біз басқа елдердің салт-санасына еліктеп барамыз, - деп ашынады ақсақал.
Қазақтың қай салтын алса да, өзіндік өнегесі мен тағылымды тәлім-тәрбиесі бар. Мұны бүгінгі жастар біле бермейді.
«Қазақ қызы әшекей бұйымдарды неге таққан деп ойлайсыз? Ашаршылық кезде сол алтын бұйымдар мен гауһар жүзіктерді сатып, отбасын аман алып қалған. Тіпті, сол кездегі сәукеленің өзінде қырық трактордың құны бар екен. Осылайша, үкілі бөрік киген қазақ қыздары жауға да шапқан, елді де асыраған» деген өнегесімен бөлісті Ақмырза ата.
Оның айтуынша, халқымызда «Адам мен үйді айналма», «суға түкірме», «босағада керілме», «табалдырықты баспа» деген секілді қырық шақты тыйым бар екен. Тіпті, аналар сәбиін емізгенде де, бесікті тербеткенде де ашуланбай, биязы қалыпты сақтауы керек. Тағы бір тыйым, келін түскенк езде оны бір жылға дейін төркініне жібермеген. Себебі, келін өз шаңырағына сіңісіп кетуі керек. «Әйелдің отаны – күйеуінің туысы» дейді.
Жалпы, қазақтың әдет-ғұрпы күнделікті тұрмыстан туындаған. Мәселен, қазақ неге қамшыны жоғарыға ілген? Дана қарттың сөзінше, ертеде бой жеткелі тұрған қыздың үйіне барған кезде «ертең құда түсемін» деген оймен керегеге қамшы іліп кетеді екен. Міне, қамшы төрге ілу содан қалған екен.