Руханият

Ана тілін жастар қалай қолдануда?

Орта буын өкілдері орыс тілі дүрілдеп тұрған кеңес заманында дүниеге келді ғой.

Жалпы, тіл білімінде «жаргон» және «сленг» деген ұғымдар бар. Бұлар – белгілі бір ортада ғана қолданылатын сөздер. Әдетте оларды жастар жағы жиі қолданады. Бұл қазақ тілінің сөздік қорына керек пе, әлде кедергі ме?

Мұны біз филолог ғалым Нұргүл Сәлімовадан сұрап білдік.

– Қазіргі ғылымда жаргон мен сленг өзара синонимдес сөздер ретінде қарастырылады. Олардың өздеріне тән тілдік ерекшеліктері бар. Жаргон сөздер сонау 1750 жылы көше тілі болып тіркелген. Кейін қоғамның қажеттілігіне қарай әбден белең алып, кейбірі тіпті әдебиеленіп те кеткен. Мәселен, қазірдің өзінде қолданыста жүрген «шпаргалка» сөзі бір кездері жаргондар қатарында болған. Әр буын ұрпақтың өз жаргоны болады, бұл – қалыпты жағдай. Ал, сленгтер 18 ғасырда шаруалар арасында пайда болып, әлеуметтік сипатқа ие болған. Яғни, қарапайым жұмысшылар өз қожайындарынан белгілі бір құпияны жасыру үшін арнайы сөздерді пайдаланған.

Енді екеуінің айырмашылығын айтар болсам, жаргонның өмірі сленгтен гөрі сәл ұзағырақ болады. Ал, сленг жиі жаңарып отырады, тіпті, уақыты келгенде тоқтап та қалады. Екіншіден, жаргонда эмоционалды-экспрессивті бояу – кекету, мұқату, мысқылдау басым келеді. Мысалы, «құлақтан тебу» – өтірік айту, «тізесі шығып кеткен» – ескірген, тағы басқа. Ал, сленгте эмоция мен мысқылға мүлде жол берілмейді. Бұлар – «общага» – жатақхана, «инет» – ғаламтор, «универ» – жоғары оқу орны және тағы сол секілді. Үшіншіден, жаргондар шағын әлеуметтік топқа тән, тілдік дербестігі жоқ тілдің бір тармағы болып табылады. Ал, сленг белгілі бір кәсіпке қатысты айтылады, - дейді ғалым.