Сараптама

Еріктілік – ерлік пен елдіктің белгісі

Бүгінде арамызда ресми тіркелмесе де, мұқтаждарға қолдан келгенше көмектесіп жүрген жастар бар.

Бүгін «мемлекет маған не берер екен?» деп емес, «мен елім үшін не істей аламын?» деген сауалға жауап іздейтін күн туды. Бұрынғыдай арқаны кеңге салып, үлесін Үкіметтен алып жүргендер де енді сын сағаттан сабақ алып жатыр. Осы орайда, «42500 теңгені қалай аламын?» деп қыр аспай, үйде отырып-ақ ерікті түрде қолдан маска тігіп, болмаса, тауар жеткізумен айналысып жүргендер қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінде мұнайлы мекенде осындай жанашыр жандар 2000-ға жуықтаса, ресми еріктілер ұйымы елуден асты.

Еріктілердің еңбегін ерлікпен пара-пар деуге келеді. Еріктілік – ерлік пен елдіктің айқын белгісі. Қалай айтсақ та, бұл – қадір-қасиеті зор ұғым. Біз бұған дейін еріктілер тек балалар мен қарттар үйлеріне барып, өнер көрсетіп, сыйлық үлестіріп, тазалық жұмыстарымен ғана айналысады деп білуші едік. Бүгінде біз оларды мүлде басқа қырларынан танып, батыл бастамаларына куә болып жүрміз. Сөйтіп, кешегі волонтер бүгінде жеті қырлы, бір сырлы нағыз майталман маманға айналды. Өйткені, олар қазір дәрігер, мұғалім, тігінші, аспаз, көлік жүргізушісі, есепші, тазалықшы, дезинфекционист, заңгер, құқық қорғаушымен бір қатарда еңбек етіп жүр десе де болады. Осылайша, жаһанды жайлаған жұқпалы дерт еріктілердің екінші тынысын ашты. Өз кезегінде олар да мемлекет ұсынған мол мүмкіндіктің тиімді тұстарын тапты. 

Мәселен, бүгінде арамызда ресми тіркелмесе де, мұқтаждарға қолдан келгенше көмектесіп жүрген жастар бар. Олар өздерінің аты-жөндерін атап көрсеткісі де келмейді. Айтуларынша, жақсылықты жар салмай жасаған жөн. Десек те, халық өз қаһармандарын білуге тиіс. Біздер, журналистер осы қағиданы ұстанамыз ғой. Сондықтан, еріктілер туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен Әйгерім Досқалиеваның есімі аталатыны анық. Ол енді облыстық ішкі саясат басқармасындағы «Азаматтық орталықтың» басшысы болып қызмет атқаруда. Оның «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық қозғалысы жайында білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Міне, қазір де қиын шақта қол ұшын бергісі келетін жандар содан сабақ алып жүр десе болады. Еріктілердің өздері жергілікті басқармалармен немесе азаматтық орталықтармен осы Әйгерім арқылы байланысқа шығатынын айтып жатады.

Солардың бірі дизайнер Асыл Дүзбаева алғаш рет ұлттық оюмен өрнектеп медициналық маска тіге бастаған болатын. Оның бұл бастамасын бүгінде іскер аналар жалғады. «Іскер ана» жобасы бойынша тегін білім алған мың шақты адам үйде маска тігіп, коронавируспен күреске өз үлестерін қосуда. Сөйтіп, қалтасында қаражаты жоқ әлеуметтік әлсіз топтар тегін қорғаныс құралдарымен қамтылып отыр. Мұндай маскалар бірнеше қабаттан жасалған және арнайы тазарту үрдісінен өтіп үтіктелген. Бұл мыңдаған мысалдың тек бірі ғана.

Ал, Жанар Нұрлыбек секілді еріктілер жалғызбасты қарияларға тегін тамақ таратуды қолға алды. Ізгілікті іске «Иманғали» мешіті жанынан құрылған «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталық өкілдері де үлес қосты. Олар төтенше жағдайға байланысты қала қақпасын күзетіп тұрған полиция қызметкерлері мен әскерилерге ыстық тағамдар мен сусындар жеткізді. Кіріп-шығу бекеттерін тәулік бойы тынбай күзетіп тұрған олардың еңбегі де, ерлігі де қандайма қолдауға лайық. «Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бірлесіп жақсылық жасауға шақырды. Елордадан бастау алған «Қайырымдылық керуені» жобасы қазыналы өңірде де қолдау тапты. Біз осылайша ел тыныштығын күзетіп тұрған азаматтармен бірге екенімізді көрсеткіміз келді» дейді еріктілер.

Сол секілді, Исатай ауданында құрылған «Мейірім» еріктілер тобы да әлеуметтік желіде көптің көзіне түсіп жүр. Олар тысқа шығатын мүмкіндігі жоқ алыс ауыл тұрғындарының үйлеріне барып, керек-жарағын жеткізіп жатыр. Міне, жан жадыратар жақсылық деп осыны айтыңыз. Осы орайда, сақтық шаралары да сырт қалмайды. Волонтерлар мұқтаж жандардың үйіне барғанда қол алыспайды, әкелген заттарын есік алдына қойып кетеді. 

Тіпті, еріктілердің арасында «Ютуб» желісінен қазақша канал ашып, тегін сабақ беріп жүрген мұғалімдер де бар. Солардың бірі Құрманғазы ауданының тұрғыны Эльвира Сатылғанова физика мен математика пәндерінен дәріс беруді қолға алыпты. «Облыста бұған дейін де мектептегі сабақ пен репетиторлық қызметті қатар алып келе жатқан гипербелсенді ұстаздар өте көп. Солар ғаламтордан тегін дәріс беретін болса, қандай тамаша болар еді! Алдымен, қиын кезеңде жас ұрпақтың  білімсіз қалмауына септігін тигізеді. Әрі, өздері де төрт қабырғаға қамалып отырғанша, тәжірибелерін толықтыра түседі» дейді ол. Расымен де, құптауға тұрарлық бастама.