Жаңа замандағы журналистика
Қазір тек Қазақстанды емес, бүкіл жаһанды жалған ақпараттар жайлады десек, артық айтқандығымыз емес. Ресми мәліметтен гөрі алыпқашпа әңгімелерге көбірек сенетін қоғамның тірлігі де таңқалдырады. Осы орайда, жалған ақпарат пен халықтың бұқаралық санасын арбауға қарсы іс-қимыл өңірлерде өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын жеткізгіміз келеді...
Расымен де, қазір ғаламтор желісінде желдей ескен жалған ақпараттар жетерлік. Оның ақ-қарасын ажыратып жатқан ешкім жоқ. Себебі, қазір кім көрінген журналист, одан қалса блогер болып жүр. Жә, журналистер заң алдында жауапкершілік арқалайды делік. Ал блогерлер ше? Олардың жариялап жатқан жаңалығы қаншалықты шынайы? Оның үстіне, олардың оқырмандар саны анағұрлым көбірек. Демек, бүгінгі қоғамды, әсіресе, жас ұрпақты осы «жарымжан журналистер» яғни, блогерлер тәрбиелеп жатыр ма?
Біз осы мәселе төңірегінде дәстүрлі журналист мамандар мен медиа-блогерлер не ойлайтынын білмек болған едік.
Республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Баян Жанұзақованың пікірінше, журналист пен блогер – екеуі екі бөлек мамандық иелері деп түсінген жөн. Себебі, әрқайсысының өз оқырманы мен форматы болады.
– Журналист бұл – бұқара мен биліктің арасын жалғап жүрген қастерлі мамандық иесі. Кейінгі кезде блогерлердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуіне байланысты журналистердің қоғамдағы беделі төмендей бастаған секілді. Өйткені, халық екеуін бір маман иесі деп қабылдап жүр. Ал шын мәнінде журналистің «жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп бекер айтпаған ғой. Оны блогермен шатастырмаған жөн, - дейді ол.
Екінші мәселе, блогер деп тек әлеуметтік желіде ақпарат жариялайды. Ал соның сілтемесін алып «фейсбук» секілді әлеуметтік желіге және «ватсапп» пен «телеграмм» секілді мессенджерлерге тарататын бұл – smm-мамандар. Осы ретте, сайт журналистері блогер емес екенін еске салғымыз келеді. Олар да толыққанды газет-журнал мен телеарна журналистері секілді заң алдында жауап беретін мамандар. Яғни, блогер тек «инстаграм», «телеграмма» және «фейсбук» секілді әлеуметтік парақшаларда блог жазып жариялайды. Сәйкесінше, олар жүргізетін парақшалардың ресми тіркелуі екіталай. Біреулер заң талаптарына сай жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салығын төлейді. Бірақ көбісі тіркелмей жұмыс жасағанды жөн көреді. Себебі, оларға заң жүзінде әзірге ондай талап қойылмаған.