«Еңбек» бағдарламасының екінші тынысы
«Жастар тәжірибесі» жобасының жетекшілері жергілікті жастарды жинап жатқаны жөнінде жаңалық оқыдым.
Ұлы Абай хакімнің өзі «Еріншек, бекер мал шашпақ» деп, сол кездің өзінде жұмыссыз жандардың жігерін жаныды емес пе? Міне, дәл сол сөз бүгінде өз маңызын жойған жоқ. Жұмыс таба алмай жүрген жастарды былай қойғанда, бар нәрседен бой тасалап жүргендерді қайтерсіз?
Арамызда ата-анасының табысын талғажау етіп, болмаса, ата-әжесі көрген кешегі бейнеті – бүгінгі зейнетіне күн көріп жатқандар да жоқ емес. Бұл – масылдық психологияның айқын көрінісі. Сондықтан, адамзат баласы ар мен абыройды бәрінен биік қоюы керек. Сонда ғана, алдан шыққан қандайма қиындыққа да қасқайып қарсы тұруға болады. Бұл пікірімізді біз әңгімелеп отырған жарқын жобаның кезекті қатысушысы Айгүл Нұрболқызы да қостайды.
– Мен Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алдым, - дейді ол ағынан жарылып. – Оны 2018 жылы ойдағыдай аяқтап, туған өлкеме оралдым. Себебі, алған білімімді жергілікті жердің көркейіп, кеңеюіне жұмсағым келді.
Осында жүріп, газеттен «Жастар тәжірибесі» жобасының жетекшілері жергілікті жастарды жинап жатқаны жөнінде жаңалық оқыдым. Содан дереу жұмыспен қамту орталығына барып, қажетті құжаттарымды тапсырдым. Мол мүмкіндікті мүлт жібермедім. «Жыламаған балаға емшек бермейді» ғой, аталған орталықтағы мамандарға жолығып, ақыл-кеңес сұрадым. Олар бар болғаны резюме, диплом түпнұсқасы мен көшірмесі керек екенін айтты.
Содан кейін арнайы арыз толтырып, бір күн ішінде бағдарлама қатысушысы болып шыға келдім. Маған «Жастар тәжірибесі» бойынша көптеген бос жұмыс орындары ұсынылды. Еліміздің қай жерінен де жұмыс табуға болады екен. Мен осыған көз жеткіздім. Содан уақыт оздырмай жергілікті Жастар ресурстық орталығына сұрандым. Сөйтіп, сол жерде аталған жобаның негізінде тәжірибеден өттім.
Шынын айту керек, болашақ жұмысыма біраз азық жинадым десем артық айтқаным емес. Ең бастысы, ұядай ұжымда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қалайша жемісті жұмыс жасауға болатынын ұқтым. Ұлы жеңістердің артында айрандай ұйыған ұйымшылдық жатқанын білдім. Сірә, «бас бірікпей, ине ілікпейді» деп текке айтылмаса керек. Жеке басқа қатысты мәселені жұмысқа араластыруға болмайтынын да мен осы жерде түйдім.
Сол секілді, таңмен таласып, уақытпен санаспай еңбек ете білген жөн. Сонда бағынбайтын белес, алынбайтын асу, қирамайтын қамал қалмайды. Мен осыған дағдыландым. Тағы бір түсінгенім, қандай жұмысты алсақ та, жауапкершілік жүгі жеңіл емес екен. Сайып келгенде, мұның бәрі мені білікті маман атануыма жарқын жол ашты. Тәжірибе арқылы мен қарым-қабілетімді ғана емес, рухымды да шыңдадым. Қай ортаға да бейімделіп, адамдармен тез тіл табысып кетуді үйрендім.
...Міне, осылайша, біздің кейіпкеріміз тұрақты жұмыс тапты. Нақтырақ айтқанда, Мақат аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөліміне орналасты. Мұнда ол мұрағатшы болып тұрғындарға қызмет көрсетеді. Уақытында жалақысын да толық алып тұрады.
Рас, білім ұясына барып қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бермеді. Бәлкім, бұл жолы өзін басқа қырынан сынап көргісі келген шығар. Нәтижесінде, екінші тынысы ашылды. Бастысы, басқалар қызығарлықтай қызметі бар. Жұмысын жан-тәнімен сүйіп жасайды. Ал, одан артық не керек?
Қайта, бұл бағдарлама жұмыс таңдаушы түлектерге қызметтің кең таңдауын ұсынып отыр деген сөз ғой. Демек, біз сөз еткен бағдарламаның шартында дипломда көрсетілген маммандыққа қатысты қатып қалған талап жоқ. Олай болса, ел үшін ерінбей еңбек ет, жарқын жеңіс пен жетістікке жет, жас маман!