Алматыда есірткі контрабандасының тұрақты арнасы жойылды
Шамамен 8 кг марихуана және 15 кг-ға жуық каннабис сығындысы тәркіленді
Алматыда АҚШ-тан пошта сәлемдемелері арқылы есірткі әкелудің ірі схемасы әшкереленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде Алматы, Петропавл, Семей, Көкшетау, Шымкент және Өскемен қалаларында халық тұтынатын тауарлар түрінде жасырылған есірткі заттары бар пошта жөнелтілімдерін қабылдаған азаматтар ұсталды. Контрабандалық заттар арасында марихуана және каннабис сығындысы (гашиш майы) болды.
Тергеу нәтижесінде шамамен 8 кг марихуана және 15 кг-ға жуық каннабис сығындысы тәркіленді. Осы іс бойынша он адам ұсталып, тергеу аяқталғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалған.
2024 жылдың басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі есірткі айналымы бойынша 93 қылмыстық іс тіркеп, заңсыз айналымнан 52 кг есірткі тәркілеген. Олардың арасында 8,7 кг гашиш, 4,8 кг марихуана, 1,7 кг психотроптық заттар және 206 мың дана анаболиктер бар.