Алматыда “Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы бойынша 6118 өтініш түскен
«Халық қатысатын бюджеттің» барлық ережелеріне сәйкес берілген өтінімдер мақұлданады
Алматыда «Халық қатысатын бюджет» қалалық бағдарламасы бойынша мегаполис тұрғындарынан 6118 өтініш түскен,- деп хабарлайды newsroom.kz
Өтініштер мәслихат депутаттарының, қоғамдастық өкілдерінің, құрылыс және абаттандыру саласы мамандарының қатысуымен әр аудан әкімдігі жанынан құрылған сараптамалық кеңестерде сарапталды.
Сарапшылар келіп түскен өтінімдерді белгіленген санаттар бойынша «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының талаптары мен өлшемшарттарына сәйкестігіне, нобайы мен болжалды сметасының болуына баға берді. Енді әрбір өтінім үш мәртебенің бірін алады: «Дауыс беруге жіберілді», «Қайта қарауға жіберілді» немесе «Қабылданбады». «Халық қатысатын бюджеттің» барлық ережелеріне сәйкес берілген өтінімдер мақұлданады және дауыс беру кезеңіне жіберіледі.
Мәліметтер бойынша қайта қарауға жіберілген ұсыныстардың авторлары ағымдағы жылдың 10 қазаны мен 14 қазанын қоса алғанда, өз жобаларын түзетіп, қайта қарауға өтінімдер беру мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ, авторлар budget.open-almaty.kz интернет-порталында тіркелу кезінде көрсеткен электрондық пошта мекен-жайына өтінімді пысықтау қажеттілігі туралы хабарлама алады. Дауыс беруге жіберілген жобалар «Жобалар» бетінде «мәртебе» сүзгісі арқылы жарияланады.
Айта кетелік, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша кеңес немесе ақпаратты аудан әкімдіктерінен, сондай-ақ Open Almaty Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық қабылдауынан 224-39-29 (ішкі 203) телефоны арқылы алуға болады.