“Видеоны өшіріп тастаған”: Талғарда қастандықпен өлтірілген жасөспірімнің әкесі
Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған
Талғарда бірнеше жігіт жабылып сабап өлтірген жасөспірімнің әкесі тергеуге сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, дүкенде тұрған видеоны полиция алып кетіп, жойып жіберген,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
«Біздің дүкенде тұрған видеоны алады да, өшіріп тастаған. Видео жоқ дейді. Ойлаңдаршы, осы әділдік пе? Ол видеода магазинге кірген қылмыскерлер бар. Соны өшіріп тастаған. Мен сіздерге видеоны көріп, қылмыскерлердің әрқайсысын көрсете аламын деймін. Енді кімге сенейін. Айтыңыздаршы. Қосыңдаршы десем, видеоны өшіріп отыр. Не үшін шықпаймын? Балам үшін шығып отырмын. Мен өлсем өліп кетейін, басқа жасөспірімдер мерт болмасын», – деді марқұмның әкесі.
Айта кетелік, оқиға 4 қазанда орын алған. Баланың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаған. Төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жас жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Болат сыраның ақшасын төлеуді талап еткен. Арада жанжал туындаған. Болаттың інісі мен ұлы, 16 жастағы Шерзат клиенттен кетуді сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Арасында үш-төрт қыз да болған.
Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.
Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған.
«Ұлым маған қоңырау соғып, қазір бізді ұрады деді. Мен бірден дүкенге бардым. Мен барған кезде ұлым мен қайнымды жол бойында ұрып жатты. Жолдасым пышақ ұстаған жігітті әрі итеріп жатты. Ондағылардың бәрінде пышақ пен тапанша болған екен. Ұлымды көз алдымда сабады. Мен оның қанын көрдім», - дейді Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембиева.
Айта кетелік, марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің отбасына көмек беруде.Ол қазірдің өзінде заңгерлермен келісімге келіп, жасөспірімнің отбасына тегін көмек көрсетілмек.
Мәліметтерге сүйенсек, қазір бұл іске қатысты жеті адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға орнында болған екі қыз бостандыққа шығып, іс бойынша куәгер ретінде қатысуда.