Білім беру ұйымдарында 6 миллионға жуық бала білім алуда
Соңғы бес жылда Қазақстанда 1000-ға жуық мектеп ашылды
Қазақстанда 22 мың білім беру ұйымы бар. Оның ішінде орта білім беру ұйымдарының саны – 7925, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары – 11,6 мың, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары – 772,- деп хабарлайды newsroom.kz
Барлық білім беру ұйымдарында 6 миллионға жуық бала білім алуда, оның ішінде 1 миллионға жуық бала балабақшада, 4 миллионға жуық бала мектепте, 565 мың студент колледждерде жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 1000-ға жуық мектеп ашылып, 1 миллион оқушы орнын қамтамасыз етті. Өткен оқу жылында 137 мың орындық 164 мектеп салынса, биыл 365 мың орындық 221 мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл биыл елімізде үш ауысымда оқитын мектептердің санын 70 пайызға қысқартады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 400 мың орындық 217 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Деректерге сүйенсек, инфрақұрылымды қолдау қорының көмегімен 100 мың орындық 82 мектеп ашылды.Жыл сайын 300-ге жуық мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, 2 мыңнан астам мектеп жаңартылып, мектептер химия, физика, биология, робототехника, IT, STEM кабинеттерін қоса алғанда, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Айта кетелік, Мемлекет басшысының білім саласына үнемі назар аударып, жан-жақты қолдау көрсетуі басты рөл атқарды. 2022 жылы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне гранттар беру және біржолғы сыйақы төлеу нормасы енгізілді. Осылайша, алтын медаль иегеріне 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медаль иегеріне 500 АЕК көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл шара біздің мектеп оқушыларының халықаралық олимпиадалардағы медальдық көрсеткішінің сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушыларымыз жетекші халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, ұлттық құрама қоржынымызды 473 медальмен толықтырды. Оның ішінде 58 алтын медаль бар. Біздің мектеп оқушылары да робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы, химиядан екі дүркін чемпион атанды.
Сонымен қатар, «Үздік педагог» атағына конкурс жеңімпаздары, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегерлері – 1000 АПР (шамамен 3,5 млн. теңге) көлемінде ақшалай сыйлықпен қамтамасыз етілген.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары 35 пайызға дейін қосымша ақы төлеу арқылы өндірістен мамандарды тарту шараларын қабылдады.