Аймақтар

Бесарық ауылында фри зауыты  ашылды

Биыл ауылда 13 кәсіпкер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданындағы «Бесарық» ауылына жұмыс сапарымен барып, жаңа өндіріс және сауда нысандарының ашылу салтанатына қатысты, – деп хабарлайды newsroom.kz

«Бесарықта» «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасымен фри зауыты, «Ауыл аманаты» жобасымен наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірістері өз жұмысын бастады. «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана да тұрғындарға жоғары сапалы қызмет көрсетуге дайын. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Аймақ басшысы жиналған қауымды, ауыл тұрғындарын құттықтап, «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Абайұлына «Бесарықтағы» берекелі бастамалары үшін алғыс білдірді.

«Халқымызда «Ауылын көріп, азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Туған жерді дамытуға, оны көркейтуге салынған инвестиция еселеп қайтады. «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Абайұлына осы іске қосқан зор үлесі үшін  ризашылығымызды білдіреміз. Өндіріс орындары өркендей берсін, кәсіптеріңізге береке, табыс тілейміз. Жерді өз игілігіне пайдаланған басқа шаруашылықтар да осы тәжірибені енгізіп, елді мекендерді қолдауға, халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысуы қажет. Бүгін аймағымыздың агробизнес өкілдерімен бірге «Бесарық» ауылындағы жұмыстарды көріп, тәжірибесін кеңінен тарату үшін арнайы жиналдық. Шағын өндірістік алаңдар құрып, осындай бизнес-инкубаторларды облысымыздың барлық ауылында салуға мүмкіндігіміз бар. Мемлекет қолдауын барынша пайдаланып, аудан басшылары кешенді жұмыс жүргізуі қажет. Табан тірейтін туған жерімізге қолдау жасауға, ауылдарымызды одан әрі дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Іс-шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ибрагим  Әбибуллаев жерлестерін құттықтады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасын Сыр өңірінде жүзеге асыруға атсалысқан «Абай-Дәулет» серіктестігінің қызметкерлері, «Бесарық» ауылының тұрғындары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара соңында қатысушылар жаңартылған "Адал адам" мәдени  орталығының жұмысымен танысып, көрермен залында концерт тамашалады. 

Айта кетейік, «Абай-Дәулет» серіктестігі «Бесарық» ауылын көркейту, көгалдандыру, күрделі жөндеу жұмыстарына соңғы жылдары 730 млн. теңгеден астам қаржы бөлді. Шаруашылық есебінен ауыл әкімдігі, мектеп, балабақша, мешіт ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Биыл 642 млн. теңгеге мәдениет үйіне күрделі жөндеу, орталық алаңға қайта жаңғырту жүргізіліп, жаңа өндіріс орталығы бой көтерді. 

«Ауыл аманаты» жобасы аясында да тұрғындарға қолдау көрсетілуде. Ауылдарда кепілдік мүлікке қатысты қиындықтар кезігетіні белгілі. Өткен жылы шаруашылықтың кепілдігімен «Сыр құсы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 27,6 млн. теңге несиеге қол жеткізді.

Биыл ауылда 1 мың шаршы метрлік шағын өндіріс орталығы салынып, 13 кәсіпкер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 жоба, Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жоба және шаруашылықтың өз қаражаты есебінен 4 жоба бар, 25 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жобаларға 960 млн. теңге инвестиция тартылды.