Ғылыми қызметкер озық елдердің АЭС-ке көзқарасы туралы айтты
Еуропа мемлекеттері арасында экономикалық интеграция жоғары
Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов озық елдердің АЭС-ке көзқарасы туралы айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz
– Тұрақты энергия көзін алуға ұмтылып жатқан елдер АЭС-ке басымдық беруде. Мұның себебі неде? Озық елдердің АЭС-ке көзқарасы қандай?
– Қазір әлем бойынша 415 реактор жұмыс істейді. Яғни 200-ден астам АЭС энергия беріп тұр. Озық елдердің арасында Германия, Швеция атомдық бағдармасына сақтықпен қарап жатыр дейтіндер бар. Бұған бұл елдердің ішкі себебі бар. Біріншіден, Германиядағы болсын, Швециядағы болсын атом станциялары алғашқы буынға жатады. Сосын толық жауып тастаған жоқ, экономикасына қажетті энергияның 50 пайызына дейін ескі АЭС-ден алып отыр. Қалған бөлігін көрші елдерден тасымалдайды. Мәселен, Германия Франциядан, Швеция Финляндиядан электр энергиясын импорттайды. Еуропа мемлекеттері арасында экономикалық интеграция жоғары.
Франция тұтынатын энергияның 70 пайызын АЭС-тен алады және артығын көрші елдерге сатады. Ресми Париж үшін энергия көзге көрінбейтін мұнай болып тұр.
Біріккен Араб Әмірлігі АЭС-тен энергия алуға көшті. Өзбекстан атом энергетикасын дамытуға ниетті. Арабтарда – мұнай, өзбектерде газдың мол қоры бар. Солай бола тұра бұл елдер атом бағдарламасын ілгерілетуді басымдық етті.
Өзбекстан уран отынының бізден не Автралиядан алады. Мұның басты себебі жаһандық жылынудың алдын алу. Дизель, газ, көмір станцияларынан көмірқышқыл газы шығады. Париж келісімшартына байланысты әлем елдері 2060 жылға дейін ауаға бөлінетін газдың көлемін азайтуы тиіс.
– Атом бағдарламасын дамытып жатқан тағы қандай елдер бар?
– 2007 жылдан бері Түркияда АЭС салынуда. Жақында екі реакторы іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ Мысыр, Сауд Арабия, Бангладеш, Тайланд және Мексика атом саласын дамытуда.
Атом энергия жөніндегі халықаралық агентігінің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін, яғни 2 есеге өседі. Қазір Қытайда 26, Үндістанда – 7, Ресейде – 4, Оңтүстік Кореяда, Жапония және Ұлыбританияда – 2, Франция, Бразилия, Аргентина, Иран, Словакияда 1 раектор салынып жатыр.