Жаңалықтар

Ринат Зайытов: Семейдегі сынақтар мен қазіргі АЭС-ті салыстыруға келмейді

Энергетика тапшылығы қазіргі күннің өзінде сезіліп тұр

27 қыркүйек күні Ақтауда халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы өтті. Мерейтойға құрметті қонақ есебінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов келді. Үзіліс кезінде біздің редакция журналистері Мәжіліс депутатынан халық арасында кеңінен талқыланып жүрген  Семейдегі сынақтар зардабы мен қазіргі АЭС құрылысының арасындағы байланыс туралы сұрады,- деп хабарлайды newsroom.kz

Ринат Зайытовтың айтуынша энергетика тапшылығы қазіргі күннің өзінде сезіліп тұр. Ол атом энергетикасы дүниежүзі мойындаған энергетика, сондықтан қазір бұл талқылау халықтың еншісіне беріліп отырғанда дұрыс шешім қабылдау өте маңызды екендігін айтады.

- Келісіп пішкен тон келте болмайды. Өйткені бұл жағдай мемлекеттің болашағына, халықтың денсаулығына қатысты болғаннан кейін әрине сарапталып шешілуі қажет. Сондықтан АЭС құрылысы референдум арқылы халықтың талқысына салынып отыр,-дейді Ринат Зайытов.

Сондай-ақ, мәжіліс депутаты Семей полигонымен бейбіт атомды салыстыруға мүлде келмейтіндігі жайында атап өтті. 

 -  Мен өзім Семей өңірінің тумасымын. Екеуі мүлдем салыстыруға келмейді. Біреуі қару-жарақты сынау аймағы болды. Елу жылда ел жаңа демекші көптеген сабақтардан өттік. Мәселен Фукусима, Чернобыльда болған сабақтар нәтижесінде қауіпсіздік мәселесі МАГАТЭ-нің бақылауымен тікелей жүзеге асады. Ол жерде қандай да бір қиыншылық туындайды деп айта алмаймын,-деді ол.

Сондай-ақ, Ринат Зайытов Қазақстанның энергетика тапшылығын бір ғана атом электр станциясы толықтай шеше алмайтындығын айтты. 

- Бір атом электр станциясы энергия қажеттілігінің әрі кетсе үштен бір бөлігін жабуы мүмкін. Ал елімізде АЭС салынатын болса бұл бізге энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылық және көршілес мемлекеттердің алдында үстемдік береді,-деді Ринат Зайытов.