Сараптама

Түркістан жастарын не толғандырады?

Түркістанда алғаш құрылған және қатарға жаңадан қосылған жастар ұйымдары жетерлік.

Өткен жолы Түркістандық жастарды не толғандыратынын жас блогер Нұрсейіт Нұрболұлы айтып берген болатын. Ендеше, біз онымен сұхбатымызды одан әрі жалғастырғанды жөн көрдік...

- Өзіңіз секілді озық ойлы жастары бас біріктіріп, жарқын бастамаларды қолға алса қандай жақсы ғой?

- Түркістанда алғаш құрылған және қатарға жаңадан қосылған жастар ұйымдары жетерлік. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да табылады. Тек ел үшін еңбек етуге, көкейде жүрген ойларын көпшілікпен бөлісуге құлшынысы жоғары жандар керек. «Ауруын жасырған өледі» емес пе, бүгінде бастамасы бар, бірақ, оны жүзеге асыруға құлықсыз жастар көп. Біріншіден, олар ұсыныс-тілектерін қоғамға ашық айтпайды, сырларын ішке бүгіп жүре береді.

Екіншіден, оларды «құшақ жайып» қарсы алып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, жуырда менің бір досым ауылдан шағын кәсіп ашқысы келіп, алақандай жер сұрады. Содан ұзын-сонар кезекті көріп, тауы шағылды. Тағы бір танысым жоғары оқу орнын бітіре салысымен ауылға барып қызмет қылуға бел байлады. Сәйкесінше, округ әкімдігінен материалдық қолдау күтті. Бірақ, оны ауылда күтіп отырған тағы ешкім болмады.

Менің айтқым келгені, ауыл мен қала жастары арасындағы берік байланыс жойылып барады. Жергілікті әкімдер, мекеме, қожалық басшылары оқу бітіріп, ауылға барған маманға «сені кім шақырды?» деп қысым көрсетпей, жағдай жасауы тиіс қой. Демек, аймақта жүргізіліп жатқан идеологиялық-тәрбиелік жұмыстарды әлі де жетілдірген жөн. Бастысы, жастардың барлық санатын қамту қажет. 

Үшіншіден, жастар жайлы сөз қозғалғанда, өңірде атқарылатын жұмыстарға тек белгіленген басқармалар ғана жауапты емес екенін ескерейік. Бұл ретте, жас түркістандықтардан да үлкен үміт күтіледі. Әр азамат өзінің берік ұстанымын, пайым-пікірін қоғам алдында білдіріп отыруы дұрыс. Таңдай қақтырған технология дәуірінде тұйықталып отыруға болмайды. Біз әлемге есігімізді ашқанда ғана, басқалары бізге ұмтылады.

Сондай-ақ, өңірдің белсенді жастары биыл жаңа бастамаларды қолға алғысы келеді. Оның ішінде, салауатты өмір салтын ұстану, жанұя жарастығы мен шаңырақ шаттығын келтіру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, әлеуметтік осал топтарға қайырымдылық көмек көрсету және басқа да істер бар... Жастар саясатын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген азаматтар бар. Биыл солардың қатарын арттыруға Президент зор мүмкіндік беріп, қолдау білдіріп отыр.

Жалпы, санақ көрсеткішіне көз жүгіртсек, аймақта 18-29 жас аралығында 114 мыңға жуық жас бар. Олармен жиырмаға жуық қоғамдық бірлестік тығыз жұмыс жасап келеді. Ал, еріктілердің саны 500-ге жуықтайды. Бұл қатар жылдан-жылға артып келеді. Ең бастысы, баспана мен тұрақты жұмыс мәселесін шешіп алуға биыл мүмкіндік мол. Бұл ретте, жұмыс берушілер тарапынан оқуды енді ғана аяқтап шыққан түлектен еңбек өтілімі сұралмаса екен деген тілегіміз де жоқ емес.

Тағы бір мәселе, жастар сарайы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл нысан бүгінде жастар үшін ауадай қажет болып отыр. Міне, сонда бір орталық ішінде дарынды жас әнін де айтады, күйін де шертеді, вайнын (бейнежазбасын) да түсіреді, биін де билеп үйренеді. Сөйтіп, талантын танытқысы келетіндер Астана мен Алматы асып кетпей, бәрі де Түркістанда қалады.

- Сізді жастардың өкілі ретінде не тоғландырады?

- Алдымен, күректей дипломы барлар жұмыс берушілер талап ететін еңбек өтілінің жоқтығынан  сатушылық, күзетшілік, даяшылық қызметке тұра салады. Құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, дизайнер, көлік жөндеушілерге сұраныс жоғары болғанымен, талпыныс жоқ. Шағын және орта бизнестегі жастардың үлесі де төмен. Демек, оларды қолдаудың тың тәсіледрін табу керек.

Екіншіден, өзіне өзі қол жұмсау деректері көбеймесе, азаяр емес. Мұның түпкі себебін талдап жатқан мамандар жоқ. Соңғы кезде тәрбие ісі тоқырауға ұшырап отырғанын мойындауымыз керек. Үшіншіден, денсаулығы нашар жастардың көбейіп отырғаны да алаңдатарлық жайт. Сонда, жыныстық және басқа да жолдармен жұғатын аурулар жайлы түсінік жұмыстары тек қағаз жүзінде жүргізіліп жатқаны ма? Аурудың алдын алу үшін жыл сайын скринингтен өтуге жастардың өздері де құлықсыз. Төртіншіден, жұбы жараспай ажырасатындар қатары да артып келеді. Азаматтық некемен отбасы құратындар көбейген.

Соңғысы, діни экстремизм мен терроризм құрылымдарының шабуылдарына төтеп бере алмай, қорғансыздық танытып жатқандары қаншама? Діни ақпараттық шараларға қысқа балақты, ұзын сақалдылар мен беттерін тұмшалағандар қатыспайды. Облыста 3 мыңдай салафит ағымын ұстанушы бар, оның 2 мыңы – Түркістан қаласының тұрғындары және 65 пайызы – жастар. Сондай-ақ, қыздарын хиджапсыз мектепке жібермейтін, аурудың алдын алуға бағытталған екпелерден бас тартатын ата-аналар тағы бар.

Олай болса, келесі жылы бәріміз бас біріктіріп, аталған мәселелерді шешуге атсалысайық дегім келеді. Бұл тек жауапты мамандардың ғана емес, барлығымызға ортақ міндет деп ойлаймын. Өйткені, болашақ – жастардың қолында.