Полиция мен еріктілер есірткі сайттарын жарнамалайтын граффитилерді өшірді
Сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымын болдырмау бойынша атқарған жұмыстары туралы бейнероликтер көрсетілді
Түркістан облысында полиция мен еріктілер есірткі сайттарын жарнамалайтын граффитилерді өшірді. Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффитилерді жою бойынша акция ұйымдастырды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Мәселен, тәртіп сақшылары Түркістан қаласы аумағында, Сарыағаш, Жетісай, Төлеби, Сайрам аудандарында еріктілермен бірлесіп, көшелерде, ғимараттар мен құрылыстардың қабырғаларына есірткі сайттарын жарнамалайтын жазулар мен граффитилерді анықтап, жойып шықты.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың есірткінің таралуына теріс көзқарасын қалыптастыру. Жыл басынан бері Түркістан облысында полицейлер есірткі заттарын насихаттау мен заңсыз жарнамалаған сурет, жазулардың 8 фактісін анықталды. Полиция қызметкерлері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға, құқық бұзушылық жасамауға және заңды сақтауға шақырады. Айта кетейік, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Сол сияқты, Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында кездесу өткізді. Іс-шараға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А. Бурханов, прокурор О. Алтынбаев, дәрігер-нарколог Д. Шалапов, оқу орындарының оқытушылары мен 2 мыңға жуық студент қатысты. Негізгі мақсат-салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың есірткі тұтынуға теріс көзқарасын қалыптастыру, спортқа баулу және жаман әдеттерден бас тартуға дағдыландыру. Кездесу барысында шақырылған қонақтар жастарға синтетикалық және өзге де есірткілердің, психотроптық заттардың зияны туралы, олардың өмір мен денсаулыққа кері әсері, есірткіні сақтауға және өткізуге байланысты қылмыстардың салдары туралы жеткізді.
Сонымен қатар студенттерге нашақорлық пен есірткіні қолдану мәселесі, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымын болдырмау бойынша атқарған жұмыстары туралы бейнероликтер көрсетілді. Кездесу соңында студенттер мамандарға талқыланған тақырып бойынша қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Сондай-ақ полицейлер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және заңдарды сақтауға шақырды.