Жалған ақпарат жарға жығады...
Егер нақты кім адам екені анықталса заң алдында жауап береді
Желіде жалған ақпарат жариялайтындарға жаза бар ма? Біз бұл сауалды «MAXIMUM» адвокаттық кеңсесінің аға серіктесі, заңгер Айдос Ибраимовқа қойған едік.
«Егер нақты кім адам екені анықталса, заң алдында жауап береді. Көп жағдайда адамдар «ник», яғни, жасырын және басқа адам атымен немесе өзге біреудің суретімен желіге тіркеліп, ойына келгенін жазып жатады. Мұндай деректер аз емес.
Жалпы, жауаптылықтың үш түрі болады, бұл – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық. Әдепсіз сөздер ауыр немесе аса ауыр қылмыс санатына жатпайды. Сондықтан жасырын және өзге адам атымен немесе суретімен желіге тіркеліп, жағымсыз пікір қалдырғандарды полиция қызметкерлері іздемейді. Себебі, табыла қоюы екіталай. Алайда, әлеуметтік желінің тәртібін бұзған жасырын қолданушыларды бұғаттап қоюға толық мүмкіншілік бар. Ал жалған ақпарат жариялайтындарды жөнге келтіретін заң тармақтары жетерлік» дейді ол.
ЖАЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ...
Мүмкіндікті пайдаланып, Айдос Сайынұлынан тағы бірнеше сұрағымызға жауап алдық.
– Егер жалған ақпарат иесінің кім екені белгілі болса, заң жүзінде нақты қандай шаралар алынады?
– Заңды бұзған адам ар-ождан мен абыройға келген залалды жойып, орнын толтыруы керек. Сондай-ақ, рухани залал құнын өндіруі тиіс, бұл – азаматтық жауаптылық. Ал, әкімшілік жауаптылыққа кіретін ұсақ бұзықылық – он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеліп соғуы мүмкін.
– «Фейсбукте» отырып ойына келгенін жазатындарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған ба?
– Адамның қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату қылмыс болып саналады. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникациялар желілерін теріс мақсатта пайдалану да – қылмыс. Сыбайлас жемқорлыққа жол берді, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп жала жапқандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
– Жалған айып тағушылар айыптала ма?
– Ондай қылмысқа жауапты тұлға 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді. Болмаса, сол мөлшерде түзеу шараларына немесе 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.
...Міне, бұл – біз тілдескен маман пікірі. Ал, өзекті мәселеге орай халық қалаулылары білдіріп жүрген ұсыныстар бүгінде бір төбе болуға таяды. Мәселен, жасырын желі қолданушыларын анықтау үшін кейбір заң талаптарын күшейту керек. Бұл туралы Үкімет қабырғасында да аз айтылмады. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже байқалмайды.
Қалай болғанда да, газет пен телеарнадағы ақпараттың шынайылығына ештеңе жетепейтін секілді. ақпара. Ал, әлеуметтік желі – уақытша құбылысқа көбірек ұқсайды. Бұл пікірге белсенді блогерлердің бірі Әділет Амангелді де қосылады.
«Мен жас та болсам, инстаграм желісіндегі «AtyrauQalam» деп аталатын парақшасын жүргіземін. Ондағы жазылушылар саны 10 мыңнан асады. Мен онда дәлелді дәйек пен сенімді ақпаратты жедел жариялап отырамын. Бұл ретте, «Atyray» газетінің тілшілері дайындаған жаңалықтарды да жиі жүктеймін. Міне, осының өзінен газеттің қоғам үшін қаншалықты қажет әрі зор сұранысқа ие екенін айқын аңғаруға болады. Бір қызығы, жаңалықты әдетте телефоннан оқитынмын. Өзіме маңызды дегендерін «заметка» деген қосымшаға сақтап жүрдім. Бір кезде сол жаңалықтардың бірі шындыққа жанаспай қалғаны бар. Содан кейін тек қана газет оқып, телеарна көретін болдым» дейді ол бізбен әңгімесінде.