Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалы ашылмақ
Министр Қазақстан мен Италияның білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті
25 қыркүйекте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Италия республикасының университеттер және зерттеулер министрі Анна Мария Бернини кездесті. Кездесуге «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz
Министр Қазақстан мен Италияның білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Жетісу университетінің ғылыми-зерттеу қызметінінің әлеуетіне тоқталды.
«Жетісу университеті зерттеу қызметін белсенді дамытып жатыр. Оқу орнының Марке политехникалық университеті секілді жетекші шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатуы өңірді білікті техникалық мамандармен қамтамасыз етудің негізгі факторына айналады. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға және білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Саясат Нұрбек.
Италия республикасының университеттер және зерттеулер министрі Анна Мария Қазақстанның адами капиталды дамытудағы өршіл саясатын және университетаралық ынтымақтастықты жоғары бағалады. Италия университеттері Қазақстан студенттерін қуана қабылдайтынын, бірлескен қаржыландырумен ғылыми жобаларды іске асыруға ықыласты екенін жеткізді.
«Орталық Азия – тұрақты және қауіпсіз аймақ, әрі маңызды геосаяси орталық. Бұл өңір жоғары білім беру саласында ғана емес, экономикалық және коммерциялық тұрғыдан да үлкен мүмкіндіктер ұсынады, сондықтан Италия үшін стратегиялық маңызға ие», - деді Анна Мария.
Сондай-ақ кездесуде екі ел арасындағы жоғары білім мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Жоғары оқу орнының ректорлары Жетісу университетінің базасында Марке политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар осы ынтымақтастық аясында студенттер қос дипломды оқу бағдарламаларына қатысуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетелік, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті классикалық қағидаттарды заманауи білім беру бағдарламаларымен үйлестіретін ірі өңірлік жоғары оқу орны болып табылады.
Жарты ғасырға жуық тарихында университет жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар 52175 маман дайындады. Қазіргі уақытта университетте барлық оқу формаларында 5218 білімгер және 353 магистрант, 75 докторант, колледждің 574 білімгері білім алуда.
Бүгінде университет өндіріс пен еңбек нарығының заманауи және өзгермелі жағдайларына бейімделген жаңа үлгідегі мамандарды даярлайды.