Азаматтық қоғамның қозғаушы күші – әйел
Ішерге ас, киерге киім болмады.
Қызықты қараңыз, Түркістандағы 25 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан іскер арулардың білікті басқарымында. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш бірнеше есе өскен. Мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін қолдау да аз емес. Қиын-қыстау кезеңдердің ызғарына тоңып, ыстығына күйген олар – бүгінде бағы мен бабы келіскен тағдыр иелері.
Аймақта мемлекетіміз тура Тәуелсіздік алған жылы бизнес бастаған әйелдер де бар. Солардың ішінде, ала дорба арқалап мұхит асқан Нұржамал Бекзатованың жөні бір бөлек. Ол кезде кәсіпкерлік түгіл, базар мен дүкеннің өзі ұғымда болмаған. Кеңес үкіметі тараған соң, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер жабылып, өндіріс тоқырады. Ішерге ас, киерге киім болмады. Соған қарамастан, тәуекелге бел буған аналар бөбектерін үйде қалдырып, шалғай елдерден тірнектеп азық-түлік пен киім-кешек тасыды.
– Тоқсаныншы жылдары облыстық тұтынушылар одағының қызметкерлерге он сом беріп, есеп айырысқаны әлі есімде, - дейді байырғы саудагер бізбен әңгімесінде. – Кейін сол мекеменің екі дүкенін сатып алатынымды кім білген десеңші?! Рас, әуел баста сауда-саттық дегеннен еш хабарым болмады. Үлкен ұлым Алматыға оқуға түскенде, айына үш мәрте қасына барып, тамағын тасыдым. Жол-жөнекей ала дорба асынған әйелдерді көріп, «бұларың не?» деп сұрадым. Олар саудамен айналысатындарын айтты. Осылайша, менің саудаға деген қызығушылығым арта бастады.
Қолда бар он соммен бизнес бастаған оның әңгімесі ертегідей көрінеді, бірақ шындығы сол. Ол үйінің маңынан дәптер-қалам мен жаңадан шыға бастаған «сникерс» тәттісін сатқанын айтады. Мемлекеттік қызметкер болып еңбек еткен жұбайы да зор қолдау білдіріпті. Сөйтіп, он жылда кәсібі өркендеп, мал өсірумен айналысатын «Асыл» шаруа қожалығын қолға алады. Біртіндеп «Камаз» көлігіне де қолы жетеді. О бастағы шағын кәсібі кейін отбасылық сипат алады. Еңбегі еленіп, 2014 жылы Елорда төрінде «Ұлт даңқы» орденімен марапатталады. Бүгінде ел аман, жұрт тыныш. Кәсіп ашамын деген жан алты пайыздық жеңілдікпен мемлекеттен несиеге қаржы ала алады.
Қолдағы деректерге сүйенсек, өңірде 130 мыңдай кәсіпкер болса, соның жартысына жуығын әйелдер құрайды екен. Бұрынғы экономист Назым Нұрай да өз кәсібін 1993 жылы бастаған. Оның айтуынша, бұл алыпсатарлық жабайы сауданың белең алып тұрған шағы. Тіпті, салық пен кеден саласы да бір жүйеге келе қоймаған сәт. Саудагерлер ешқандай тауар белгісі жоқ жанармайды акцизсіз алып, сол күйінде сатып жүрді. Үйдегі ошақ қасындағы орнын тастап, пойыз вагондарын шарлаған әйелдер жанын шүберекке түйіп, ерінбей еңбектенді. Бүгінде облыстың бірнеше ауданында іскер әйелдер кеңестері ашылған. Ол ауыл кәсіпкерлерін басын бір жерге біріктіріп отыр.
«Іскер әйел – либералдық құндылық жаршысы. Ол үнемі кемелденуге ұмтылады, шығармашылыққа, жаңашылдыққа жаны жақын. Демек, мемлекеттік биліктің барлық деңгейінде де қызмет ете алады. Алдымен, кәсіпкер әйелдерді басқару органдарындағы қызметке сайлау керек. Онсыз әлемде үйлесім жоқ» дейді ол.
Ал, тағы бір тұрғын Нұргүл Айжанова – ауылда тұңғыш рет фитнес залын ашқан кәсіпкер әйел. Онымен тілдеспек болғанымызда ішкі толқынысын жасыра алмады. Көп сөзге жоқ кейіпкеріміз ойындағысын қысқа да нұсқа жеткізуге тырысты.
– Мен үй шаруасымен ғана айналысқанды қанағат тұтпадым. Қалайда, пайдалы кәсіп көзін табуға тырыстым. Сөйтіп жүргенде ойыма артық салмақтан арылуға көмектесетін фитнес орталығын ашу туралы ой келді. Тез арықтаудың тың жолын іздеп, нақты жоспар құрдым. Жұбайым жеке кәсіпкер ретінде тіркеп берді. «Каспий банктен» екі миллион теңге несие алып, дене шынықтыру залын аштым. Кейін, мемлекеттен де қаржылай көмектер алдым.
Осылайша, небәрі 26 жасымда қыз-келіншеткерге арналған фитнес орталығын аштым. Алғашқы келушілердің бірі алты айда 41 келі салмақ тастады. Алғашқыда тез арада арықтайтынына сене қоймаған ол кейін қатты таңқалып, көзіне жас алғаны да бар. Шынымды айтсам, бұған өзім де сенбеген едім, – деген кейіпкерімізден алты айда арықтаудың сыры неде екенін сұрадық.
Ол бұл тәсілді дұрыс қолданбаса нәтиже бермейтіндіктен құпияда ұстайтынын айтты.
Еліміздің батыс аймағындағы тұрғындардың тыныштығын қорғаушы күзет мекемесінің басшысы Дина Нұрсұлтанова – бизнеске батыл қадам басқан кәсіпкер. Оның бұл кәсіппен айналысып жатқанына биыл он жыл. Бүгінде азаматқа бергісіз күзет қызметін мүлтіксіз ұйымдастырып отырған оның ерлігіне таң қалмай көріңіз! Ендеше, сүрлеуі көп, соқпағы сан бизнес саласын таңдауға не себеп болды екен?
– Өзім бала кезімнен тәртіп сақшысы болуды армандаған едім. Есейе келе күзет қызметіне деген қызығушылығым оянды. Тағдыр қалауымен қарапайым психолог мамандығы бойынша оқуға түстім. Кейін, қосымша экономист пен заңгер мамандықтарын игеріп алдым. Әйтсе де, Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуді армандадым. Өкінішке орай, отбасым, әсіресе, үш жасқа дейінгі балаларым болғандықтан мені ол жердегілер қабылдай қоймады. Сөйтіп, жеке кәсіп ашуға бел будым. Ол үшін тәжірибе керек болды. Осы мақсатпен 2000 жылы Алматы қаласына аттанып, қажеттінің бәрін үйрендім.
Сол кезде маған «неге ірі мекемелердің бас кеңсесі тек Астана мен Алматыда орналасуы тиіс, Түркістанда оған мүмкіндік туғызу керек» деген ой келді. Сөйтіп, 2007 жылы кәсіпкерлікке тіркеліп, жеке күзет фирмасын аштым. Өйткені, күзет жүйесін ұйымдастыру, бейнебақылау құрылғыларын қондырудың қыр-сыры маған жақсы таныс. Шырайлы шаһардың әр көшесі мен қиылысын бес саусағымдай білемін. Біреулер халыққа көрсетіп жатқан қызметін жарнамалап жатады ғой, маған бұл қажет емес. Себебі, түркістандықтар біздің мекеме қызметкерлерінің жауапкершілікті жете сезінетінін біледі, қалтқысыз сенеді. Әрі, біз облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе жұмыс жасаймыз. Біздің дабылқаққыштар алыс аудандарда орналасқан «Қазпошта», «Ломбард» кеңселеріне орнатылған. Оқыс оқиға орын алған жағдайда аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аяқтарынан тік тұрады, - дейді ол.
Күзет фирмасы түрлі банк ұйымдарымен қатар, «ҚазТрансОйл» секілді ірі мекемелермен де тығыз жұмыс жасайды. Өзге өңірлерден де бөлімшелер ашылған. Қарамағындағы 600-ден астам қызметкердің түгелге жуығы – ер азаматтар. Қазір «Қауіпсіз қала» жобасы нағыз тренд пен брендке айналды. Бұл көпқабатты үйлерді заманауи дабылқаққыш құралдармен қамту деген сөз. Оның сыртында, «Ақылды қала», «Ақылды үй» бағдарламалары да тұрғындардың таңдайын қақтыруда. Бұл арқылы жұмыста отырып-ақ үйдегі су немесе көгілдір отын жүйесін басқаруға болады.