Сараптама

Бірлік бар жерде тірлік бар

Бүгінде жаһанға жайлап кеткен жұқпалы дерт бәрімізге де қарапайым еңбек адамдарының мәні мен маңызын ұқтырғандай болды. Әсіресе, індеттің ілмегіне іліккендерді емдеп шығаруға бар күшін салып жатқан ақ халаттылардың жөні бір бөлек. Осындай Түркістандағы №4 емханада түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ел үшін еселі еңбек етіп жүр. Олар жергілікті тұрғындардың денсаулығын күзетіп, тынбай тер төгіп келеді. 

Қазір аталған орталық – аймақтағы көпбейімді емдеу-диагностикалық мекемесі болып табылады. Мол материалдық база, жаңа медициналық жабдықтар мен соңғы үлгідегі технология мол мүмкіндік туғызуда. Мұнда облыс және қала жұртшылығы үшін арнайы стационарлық, амбулаториялық, ал, бүгінгідей төтенше жағдайда жоспарлы-кеңестік көмектер көрсетіледі. Сондай-ақ, хирургиялық, гинекологиялық, терапевтикалық, киникалық-диагнгостикалық зертхана және физиотерапевтикалық бөлімшелер бар.

«Қазақстанға үш жасымда келдім»

Осындағы гинекология бөлімінің меңгерушісі болып жасайтын Бедрос Романовболгар ұлтының өкілі. Өзі Қырымда, қарапайым жұмысшылар отбасында туған. Отбасымен Қазақстанға небәрі үш жасында көшіп келіпті. Балалық шағы да сұрапыл соғыс жылдарында өткен. Ол қазақы ортада тәрбиеленіп, қаладағы Абай мектебін үздік тәмамдады. Сөйтіп, Ақтөбе медицина институтына оқуға түсіп, жас маман ретінде облыстық емханаға қызметке тұрады. Денсаулық сақтау ісіне дендеп араласады. Медицина саласына әбден машықтанып алған соң, облыстық перзентхананың бас дәрігері болуға шақырту алып, біраз жыл абыройлы қызмет атқарады. 

– Емхана алғаш ашылған кезде осында бас дәрігер болып тағайындалдым. Елбасымыздың әлеуметтік салаға деген үлкен қамқорлығы мен мемлекеттік бағдарламалар көмегімен Үкіметтен үйді де, басқасын да алдым. Қырық жыл табан аудармастан гинекология бөлімін меңгеріп, өте ұйымшыл ұжымды басқардым. Қазір емхана түгелдей заманауи құрылғылармен жабдықталған. Отбасыма келсем, орыс ұлтынан жар сүйдім, бүгінде ұлым дәрігер-онестизиолог, қызым – экономист. Болгар жеріне сонау 1979 жылы олимпиадалық ойындар қарсаңында барғаным есімде. Сол кезде көрген  болгарлықтардың жадағай тұрмысы қазір де көп өзгерген емес. Қайта біздің Қазақстанымыз дамудың даңғыл жолымен алға нық қадам басумен келеді.

Атам соғыста қаза тауып, одан өрбіген ұрпақ әлемнің түкпір-түкпірінде қоныстанып қалды. Бас қолбасшы Сталин өмірден өткен соң, бауырларымызды іздеп, үш туысымызды таптық. Мұның бәрін айтып отырғаным, Қазақстандағыдай бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін біліп, басымыздағы бақты бағалай білуіміз қажет, - дейді ол. 

Қаны – қырғыз, жаны – қазақ

Ұядай ұжымда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп жүрген жандардың бірі – өзбек ұлтының өкілі, дәрігер-хирург Гүлзода Махмутова. Ол – Қырғызстан мемлекетіндегі Ош облысының тумасы. Сондағы медициналық институтта білім алып, онколог мамандығын меңгеріп шыққан.

– Мені 2009 жылы қызмет бабымен «уақытша жұмыс атқарып келесің» деп осында жіберді. Бірақ емханаа ұжымы аз уақытта ыстық ұяма айналып, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бірлік пен береке орнаған қазақ жері жаныма жағып қоя берді. Содан туған еліме қайтуға зауқым соқпай қалды. Оның үстіне, осы жерде отау құрып, бала сүйдім емес пе?! – дейді күлімдеген келіншек ризашылық кейіппен.

Анасы ұстаз, әкесі экономист, қыздарының Қазақстан азаматтығын алғанын құптап, ақ батасын берген. Мухайехон Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына да барып, арғы ата-тегінің қонысын көріп қайтқан. Бірақ ол қазақы тыныс-тіршілікке сіңісіп кеткенін айтады. 

Жүзі белорус болғанымен, жүрегі қазақ деп соққан Алексей Куприянов те аталған ұжымда электрик болып жұмыс жасайды. Бұған дейін ол түрлі еңбек жолынан өтіп, маңдай терімен абырой терді. «Мен болгар мен орыс ұлтының өкілдері құрған шаңырақта дүние есігін ашып, интренационалдық тәрбие алдым десем де болады. Әкем мен анам құрылыс саласында қызмет қылған қарапайым еңбек адамдары. Мен де оныншы сыныптан соң қаладағы телефон станциясында шеберлік шыңдап, қазір осы емханамызды жарықтандырып келемін» дейді Николаевич. Міне, біздің тарихты керек десеңіз, басқа ұлтқа шейін білетін боп шықты.

P.S. Иә, сын сәтте жанын шүберекке түйіп, басын қатерге тігетін атақты футболшылар немесе танымал өнер жұлдыздары емес, олар – дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да байырғы мамандық иелері. Ал, ынтымағы жарасқан елде ырыс та, ырыздық та – бәрі бар. Әңгімемізге арқау болған кейіпкерлердің кейпінен біз осыны аңғардық.