Сараптама

Азаматтық қоғамның қозғаушы күші – жастар

«Жастар Рухы» қарқынды жұмыс атқарып келеді.

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Тау самалы» демалыс аймағында «AMANAT» партиясының жыл сайынғы республикалық жастар саяси лагері өз жұмысын бастады.

Партия жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ауқымды шараға республикалық мәртебесі бар 3 қала мен 17 өңірден 300-ден астам делегаттар қосылды. Делегаттар 4 күнге созылатын шарада «Bir Tolqynda» диалог алаңының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.

Жастарға арналған саяси лагердің жұмысына «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері, депутаттар, жастарды қолдау жөніндегі республикалық және өңірлік кеңестердің мүшелері, жастар санатындағы қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен өкілдері, еріктілер, эко-белсенділер, жас кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, шығармашылық жастар қатысып жатыр.

Шараның мақсаты - белсенді қазақстандық жастарды партиялық жобалар мен бастамаларды іске асыруға жұмылдыру, олардың заманауи дағдыларды игеруге қабілетін арттыру мақсатында өтіп жатыр. Сондай-ақ бұл шара жас белсенділер арасынан жаңа толқындағы саяси көшбасшыларды даярлауға мүмкіндіктерді кеңейтуге қызмет етеді.

Ашылу салтанатында жастар үшін жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға арналған түрлі бағыттағы тренингтер, тимбилдингтер және «Bir tolqynda» диалог алаңы өткізіліп, жастарды толғандыратын түрлі тақырыптар шеңберінде пікір алмасулар өтеді деп жоспарлануда.

Жұмысын бүгін ресми түрде бастаған республикалық саяси лагерь 24 тамызға дейін жалғасады.

Ашылу рәсімінде «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы, Ақерке Искандерова, сөз сөйлеп, партияның жас белсенділерін Түркістан облысында көргеніне қуанышты екенін жеткізді.

«Ортамызды толтырып жатқандарыңызға алғысымызды білдіріп, қош келдіңіздер дегім келеді. Лагерьдің жұмысын ресми түрде ашық деп жариялаймыз»,- деді ол.

Лагерьдің бірінші күніндегі бағдарламада қатысушылар саяси лагерьдің ашылу салтанатына қатысып, тимбилдингте жастар топтарға бөлініп, демалыс аймағының жұмысымен танысты. QUIZ ойындары ойнатылып, әр өңірден келіп, бас қосқан жастардың сауық кеші аймақтардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Түркістан облысы Нысанбек ауылында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 420 делегаттың бас қосуымен өткен жиында сөз алған Ерлан Жақанұлы, жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін және мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы саналатынын атап өтті.

«Осыдан екі жыл бұрын біз Зерендіде жастар қанатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған едік. Содан бері «Жастар Рухы» қарқынды жұмыс атқарып келеді. Ұйымның аты ғана емес, заты да өзгерді. «Жастар Рухы» еліміздегі жетекші қозғалысқа, жастардың рухын көтеретін іргелі ұйымға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Зеренді форумындағы бейнеүндеуінде жастардың заман талабына сай дамуы үшін үш негізгі басымдықты айқындап берді. Ол – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды» деді партия төрағасы.

«Жастар Рухының» миссиясы – жастарды өзекті мәселелерді шешуге жұмылдыру және өскелең ұрпақты мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты тарту екеніне тоқталды.

«AMANAT» партиясының бастамасымен жыл сайын өтетін республикалық жастар саяси лагері, шын мәнінде, жас буынның заманның даму үрдісіне сай өсіп-өркендеуіне, тұлғалық жетілуіне қызмет ететін мәртебелі алаңға айналып отыр.

Саяси лагерь аясындағы «Bir Tolqynda» ашық диалог алаңында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы Кәрібек спикер ретінде шығып, саяси лагерге қатысушы жастармен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша емен-жарқын сұхбат құрды. Партия ашып берген алаңда жастар түрлі тақырыптарды қозғады. Партияның Атқарушы хатшысы талапты жастардың ішінен дарынды көшбасшыларды тәрбиелеу, жаңаша ойлайтын жас толқынды қалыптастыру, жас буынның әлеуетін пайдалы істерге жұмылдыру туралы ойларымен бөлісті. Табыстың кілті табанды еңбекте екенін айтты. Адамды алғырлық қасиет қана алға жетелейтінін еске салып, мінез-болмысы қайратты азаматтар қана алға қойған мақсатына жететінін түсіндірді.

Еркін мазмұндағы пікір алмасу алаңында Дәулет Жамаубайұлы, күнделікті өмірде кездесетін, тұрмыс-тіршілікте орын алатын жағдайлардан нақты мысалдар келтіре отырып, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет ететін шынайы жанашырлық пен терең жауапкершілікті талап ететін мәселелерге көңіл бөлді. Азаматтық сана сезімді жаңғыртудың маңыздылығын айтып, жалпыға ортақ дүниетанымды қалыптастыру, өмірлік ұстанымдарды қоғамға пайдалы тұрғысынан өзгерту жөніндегі ойларымен бөлісті. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтар жүйесіне адал болудың алғышарттарын атап өтті.

Сондай-ақ партияның Атқарушы хатшысы, партиямыз бастамашыл болған «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының тиімділігін нақты деректерді келтіре отырып, айтып берді. Қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптар шеңберінде партиямыз жария еткен ұстанымды түсіндіріп өтті. Жас белсенділеріміз өздерімен екі сағаттан аса ашық сыр-сұхбат құрған Дәулет Жамаубайұлына алғыстарын білдіріп, мемлекет пен қоғамның дамуына пайдалы жасампаз істерге күш біріктіруге әзір екендіктерін жеткізді.

Жастармен бір толқында өрбіген сұхбат алаңында жастар көтерген сауалдарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев, Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Темір Базарбайұлы Қырықбаев, Екатерина Васильевна Смышляева жауап беріп, жас буынмен бетпе-бет отырып пікір алмасты. Парламент өкілдері жастардың білім алуы, экономикалық белсенділігін арттыру, өзіндік дамуына жағдай жасау, оларды ортақ идеялар арасына біріктіру, қоғамға пайдалы істер атқаруға жұмылдыру мәселелері талқыланды.

Лагерьдің оқу сессияларында белгілі тележурналист, «SSLab» медиа-мектебінің негізін қалаушы Сәнді Сұлтан «Сізді есту үшін қалай сөйлеу керек?» деп аталатын авторлық жобасын таныстырды. Қоғамға белгілі PR-менеджер, «Қазақстан» Ұлттық арнасының тележүргізушісі Айкерім Есенәлі «Сөзің өтімді болсын!» тақырыбындағы жеке тәжірибесімен бөлісті. Танымал медиа тренер, PR және коммуникациялар саласының маманы, журналист Назым Жанғазы қоғаммен байланыс және коммуникациядағы құндылықтар жүйесі жөніндегі озық үрдістермен таныстырды. Кәсіпқой психолог Ержан Мырзабаев өткізген тренингте жастар отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, жалпы психология, қоғамдық стереотиптер туралы жантану ілімінің жаңа қырларын танысып, білді.

Тренингер барысында шешендік өнердің басты ерекшеліктері туралы түсінік беріліп, әдемі сөйлеудің әдебі, ойыңды сауатты жеткізудің артықшылықтары, көпшілік алдында сөз бастау мен жарқын сөйлеу өнері, сұхбат жүргізудің ұтымды әдістері жөнінде пайдалы ақпараттар берілді. Сөздің сенімді шығуын, өтімді болуын қамтуда жеке дағдыларды қалыптастыру, өмірлік ұстанымды ілгерілету, көпшілік алдында сөз бастаудың қиындықтарын еңсеру, тағы да басқа қоғаммен байланыс және коммуникация саласындағы трендтік үрдістер мен құндылықтар жүйесі туралы қажет мағлұматтар алды. Психологиялық тренингте жастар әр азаматтың отбасы, орта, қоғам, мемлекет шеңберіндегі алар орны жайлы түсінік алып, жеке қызығушылықтарын айқындау, оның ішінде цифрлы ортада адамның жеке құндылықтар жүйесіне адал болуын қамту мәселелері бойынша білімдерін арттырды.

Рухы азат, көкірегі ояу ұрпақтың өсуіне жағдай жасауды мақсат тұтқан «AMANAT» партиясы, отаншыл азаматтар шоғырын қалыптастыруға қызмет ететін мұндай шараларды өткізуді алдағы уақытта да жалғастратын болады. Қоғам болып бірігіп еңбекқор, дарынды, білімді, озық ойлы ұлтты қалыптастыратын боламыз.