Сараптама

Түркістандық полицейлер мал ұрлығының алдын алуда

Жетісай ауданының полицейлері жайылымнан жылқы ұрлаған екі күдікті ер адамды қолға түсірді.

Түркістанда мал ұрлығының алдын алу шаралары жақсы жолға қойылған.

Осы ретте, Түркістан облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ордабасы, Арыс және Бәйдібек аудандарының аумағында мал ұрлаумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасы мен Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 3 күдіктіні ұстады. Оның екеуі бұрын сотты болған.

Бүгінгі таңда жедел уәкілдер шығыны 7 миллион теңгеге жуық болатын мал ұрлығының 10-нан астам фактісіне қатысы барын анықтады. Күдіктілер көбіне сиыр мен қой ұрлаған. Содан кейін ұрланған малды Шымкент қаласына өткізіп отырған. Полицейлер тінту шараларын жүргізу кезінде ұрланған малдың бір бөлігін тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарып берді. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, олардың басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Сондай-ақ, Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісай ауданының полицейлері жайылымнан жылқы ұрлаған екі күдікті ер адамды қолға түсірді. Тексеру кезінде анықталғандай, ұйымдасқан екеуі қаражат табу мақсатында қылмыс жасаған. Яғни түнгі уақытта тұрғынның жайылымда жүрген құны 700 мың теңге тұратын жылқысын ұрлап, қылмыс орнынан жасырынған. Содан кейін ұрланған малды сатып, ақшасын қажеттіліктеріне жұмсаған.  Тәртіп сақшылары ұрланған жылқыны тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.   Қазіргі таңда күдіктілер қамауда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен бірге, Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Отырар ауданының полицейлері мал ұрлады деген күдікке ілінген ер адамды ұстады. Анықталғандай, күдікті түнгі уақытта танысының екі жылқысын жайылымнан ұрлап, жүк көлігіне тиеп, қашып кеткен. Содан ұрланған жылқыларды туысының үйіне жасырған. Келтірілген шығын көлемі шамамен миллион теңгені құрады. Белгілі болғандай, ер адам жылқыларды көкпар ойындарына қатыстыру үшін ұрлаған. Тәртіп сақшылары ұрланған жылқыларды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Ал, Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, күндізгі уақытта үйінің сыртқы ауласында жайылып жүрген 8 жасар биесі жоғалып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі жарты миллион теңге.  Хабарламаны алған сәтте оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары шықты. Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды қарап шықты. Жүйелі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер 90 шақырым қашықтықтан яғни Жамбыл облысы, Жуалы ауданы маңындағы тау бөктерінен жалғыз жайылып жүрген биені тапты. Сондай-ақ бие заңды иесіне қайтарылды. Өз кезегінде тұрғын полицейлерге жоғалған биесін аз уақыттың ішінде тауып бергені үшін алғысын білдірді.

Сол сияқты, Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 3 күдіктіні ұстады. Олардың біреуі сатып алушы болған. Олардың барлығы мал ұрлығының 3 фактісіне қатысы бар Сарыағаш ауданының тұрғындары. Жалпы шығын көлемі 1,5 миллион теңгеден асты. Мәселен, осы жылдың жазында күдіктілер оңай пайда табу мақсатында жергілікті тұрғынның ауласына кіріп, қорада тұрған жылқысын ұрлап кеткен. Содан кейін олар ұрланған жылқыны сатып алушыға өткізіп, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Тінту кезінде полиция ұрланған жылқыны тәркіледі. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде және барлық мән-жай анықталады.

Тағы да Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мал ұрлығына күдікті адамдар тобының қызметін тоқтатты. Анықталғандай, Мақтаарал ауданының екі тұрғыны көршілес Жетісай ауданында орналасқан жайылымнан жылқы ұрлаған. Содан кейін күдіктілер ұрланған малды сатуды және ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсауды жоспарлаған.  Жедел уәкілдер олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде ұрланған жылқыны тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Бүгінгі таңда күдіктілердің жалпы сомасы миллион теңгеден асатын мал ұрлығының екі фактісіне қатысы бар екені белгілі болды. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.