Сараптама

Есірткі естен тандырар...

Полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары сан алуан.

Есірткіге еліткен жастар қатары артпаса, азаяр емес. Бірақ, сәйкесінше нашақорлықпен күрес пен оның алдын алу жұмыстары да күшейтіліп отыр.

Осы орйда, Түркістан облысының орталығында “Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!” тақырыбында форум өтті. Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің бірлескен бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Ауқымды шараға ҚР ішкі істер министрнің орынбасары Айдар Сайтбеков арнайы қатысты. Сондай-ақ шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұрын сотты болған азаматтар, тұрғындар, жалпы, мыңнан астам адам қатысты.

Жиын барысында спикер ретінде келген елге белгілі азаматтар өте қажетті мағлұматтар мен профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты. Олардың қатарында ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бахытжан Амирханов, ҚР Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, ҚР психиатр-наркологы Нәби Есимов пен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, актер Әділ Ахметов, әнші Қуандық Рахым болды. Форумның шымылдығы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам денесі үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және т.б. түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен түрілді.

Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шарада сөз алған құрметті қонақтар қоғам назарын ғасыр дерті, яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті. Жиын соңында “Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!” ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.

Жалпы, полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары сан алуан. Мәселен, Кентау қаласының полиция қызметкерлері мен “Жастар ресурстық” орталығының ерікті жастарының қатысуымен нашақорлықтың алдын алу жайында қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын ескеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мақсаты – есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарлату, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту. Олар дүкендерді, тамақтану орындарын, қоғамдық орындар мен көше қиылыстарын да тыс қалдырмады. Сонымен қатар тұрғындарға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы қандай да бір заңсыз әрекет жазасыз қалмайтындығын ескертті. Сондай-ақ  “Нашақорлық, есірткі және трамадолға жол жоқ!” тақырыбында 230 жадынама таратты.

Осы тектес шаралар қанша жерден нәтиже беріп жатса да, қылмыскерлер де түрлі айла-тәсілдер ойлап табуда. Мәселен, жуырда Түлкібас аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін атқару барысында, есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісін анықтады. Нақтырақ айтсақ, елдімекендердің бірінде полиция қызметкерлері 27 жастағы тұрғынның басқаруындағы Daewoo Matiz автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің салонынан есірткіге ұқсас затты тапты. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен 10 грамға жуық марихуананы құрады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Сонымен қатар, жақында Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара аясында есірткіні заңсыз сақтау фактісін анықтады. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі заттарын сақтады деген күдікпен Мақтаарал ауданының тұрғынын ұстады. Жедел уәкілдер күдікті тұрғынның үйін тінту кезінде сарайынан сіріңке қорабы мен қағаз орамаға салынған есірткіге ұқсас затты тапты. Тәркіленген заттың марихуана екені расталды. Салмағы – 150 грамм. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және оқиғаның толық мән-жайы анықталады.

Сондай-ақ, Түркістан облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, өз үйінде есірткі заттарын заңсыз сақтаған деген күдікпен ер адамды анықтады.  Нақтырақ айтсақ, Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынның үйін тінту барысында, марихуанаға ұқсас есірткі заты бар ыдыстарды тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған есірткінің жалпы салмағы 3,5 келіден асты.  Қазіргі уақытта есірткіні заңсыз сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, істің мән-жайы анықталуда. Күдікті камауға алынды.

Дәл осылай, Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құрамында есірткі заты бар өсімдікті сақтау дерегі бойынша күдіктіні ұстады. Полиция Жетісай ауданы тұрғынының ауласын тінту кезінде қағазға оралған және 5 дана полиэтилен пакетке салынған хош иісті затты тауып, тәркіледі. Табылған зат шамамен 500 грамнан астам марихуана екені расталды.  Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

...Қазір есірткі қабылдап есірген азаматтар артты. Соның ішінде синтетикалық есірткінің сиқырына еліткендер көбейді. Тіпті, осы зиянды заттың зардабынан «Ұлы дала баласы» Төреғали Төрәлінің өзі «тентек бала» атанып кеткен жоқ па? «Сахнаға шықпаймын» деп шу шығаратыны былай тұрсын, көшенің қақ ортасында көлігімен қоғамға қауіп төндіретінін қайтерсің?

Иә, есірткімен еліріп жүрген ессіз адамнан бәрін күтуге болады. Жастарға үлгі болуы тиіс өнер адамының өзі есірткіге қарсы ештеңе жасай алмаса... Онда, ойлану керек. Демек, нашақорлықпен күресті күшейте түсу керек деген сөз.

Бұл ретте, есірткіні кәсіп көзіне айналдырған қылмыскерлерді құрықтау үшін тиісті заң талаптарын қайта қарап, екі есе қатаңдату қажет. Әйтпесе, қас пен көздің арасында болашағымыз деп сеніп жүрген жастарымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Ойлап көріңізші, есірткіге тойып алған адамнан не қайыр, не үміт күтуге болады? Онсыз да бар жұмысты бәлсініп мемлекетке масыл болып отырғандар да жетіп артылады ғой.

Есірткінің залалы мен зардабын күнделікті жаңалықтардан көре отырып, көзіміз де үйреніп кетті. Осындайда «есірткіден гөрі шылым шеккен артық-ау» деген де ой келеді екен. Бірақ, темекі, ішімдік, есірткі, құмар ойын – бұлардың бәрі де ұрпақты аздыратын әдепсіз әдеттер екенін естен шығармаған жөн-ақ.

Тағы бір ойға оралып отырған жайт, өзіміздің Атырауда да есірткі қолданушылар мен оны өсірушілер, тасымалдаушылар мен сатушылар жетерлік. Әсіресе, қалаға қарасты Береке ықшамауданының айналасында әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Бұл туралы жергілікті блогерлер де талай бейнежазба мен тікелей эфир түсіріп, желіге таратты. Әйтсе де, одан еш нәтиже шықпағанға ұқсайды. Себебі, есірткі бизнесі әлі де гүрілдеп тұр. Бұл мәселені тұрғындар әлеуметтік желіде жиі көтеріп жүр.

Осы орайда, құқық қорғау мен құзыретті органдар бұған ерекше назар аударса екен деймін. Өйткені, олар заң тетіктерін жақсы біледі және тиімді қолдана алады. Ал, қарапайым халықтың бәрі бірдей заңгер емес екені белгілі. Олай болса, жергілікті полиция департаменті мен прокуратура өкілдерінің құлақтарына алтын сырға! Заңды белшесінен басып жүргендер болса, дереу анықтап, тез арада тезге салуды сұрар едім. Әйтпесе, нашақорлықпен күресудің басқалай амалы қалмаған сияқты.