С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да АЭС рөлі талқыланды
АЭС-та ауа ластағыштарының көрсеткіші нөлге тең
Бүгін Amanzholov university ҰП ҰҒЗ-да профессор-оқытушылық құрам, ғылыми қызметкерлер «АЭС рөлі және кадрларды даярлау» дөңгелек үстелін ұйымдастырды. Шара барысында АЭС салудың негізгі артықшылықтары мен қауіпсіздік тетіктері баяндалды,- деп хабарлайды newsroom.kz
- Әлемде электр энергиясы ауаны көп мөлшерде ластайтын көмір, мұнай, газ қолдану арқылы өндіріледі. АЭС-та ауа ластағыштарының көрсеткіші нөлге тең. Ал ЖЭС жылына 400 тоннаға жуық уытты металл бөледі. Қазір жетпеген энергия қорын Ресей Федерациясынан сатып алып отырмыз. Сол себепті де ресуртарды халық игілігіне қолдануды қолдаймын, - деді Физика және технологиялар кафедрасының сениор-лекторы Еркежан Қабдыкенова.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ жыл сайын «Ядролық физика», «Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлауда. «ҮМЗ» АҚ, «Титан-магний комбинаты» сынды бірнеше кәсіпорындарына ШҚУ түлектері жұмысқа орналасқан. Ал студенттер кәсіпорындармен ғылыми-тәжірибелік байланыста.
- Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Қазіргі кезде күн, су энергиясы қолданыста. Еліміз табиғи ресурсты мүмкіндігінше пайдаланса, елдің әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосады. АЭС құрылысының артықшылықтарын дөңгелек үстел қатысушыларына ғылыми тұрғыда түсіндіріп бердік, - деді ҰП ҰҒЗ меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла.
Атом электр станциясына кадрлар дайындауда жетекші рөл атқаратын С. Аманжолов атындағы ШҚУ ғалымдары қарқынды даму үстіндегі елдің келешегі атом электр станциясының құрылысына тікелей тәуелді және тығыз байланысты деп түйіндеді.