Иран шахтасындағы жарылыс: 50-ден астам адам мерт болған
21 қыркүйекте екі блокта газ жарылды
Иран Ислам Республикасында көмір шахтасында жарылыс болды. Қазіргі кезде қаза тапқан адамдардың саны 50-ден асты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Mehr агенттігіне сілтеме жасап.
Шахта Оңтүстік Хорасан провинциясында Табас қаласында орналасқан. 21 қыркүйекте екі блокта газ жарылды. Сол кезде B мен C блоктарында 69 жұмысшы жұмыс істеді деген ақпарат бар.
Сондай-ақ В блогында құтқару операциясы аяқталды. Ол жерден 30 адамның мәйіті шығарылды, тағы 17 адам зардап шеккен. Ал С блогында басталған операция үш-төрт сағатқа жалғасады. Қазіргі кезде жарылыстан қаза тапқандардың саны 51 адамға жетті. Бұдан бөлек, 20 адам зардап шекті.
Деректерге сүйенсек, көмір шахтасы Madanjo компаниясына қарайды. Ал Оңтүстік Хорасанның губернаторы осы аймақ елдегі көмірге деген сұраныстың 76 процентін қамтамасыз етіп отырғанын айтты.