Жаңалықтар

Иран болмаймыз ба? Ақтөбеде орамал тағып келетін мектеп ашылған ба?

Әлеуметтік желіде Ақтөбеде қыздарға арналған жекеменшік мектептің ашылғаны туралы бейнежазба тарады. Білім ордасында 400-ден аса қыз бала білім алады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Halyq Uni  сайтына сілтеме жасап. 

Айта кететін жайт, оқу орны орамалды оқушылардың білім алуы үшін салынған екен. 

Бұл – жеке мектеп. Лицензия алдық. Білім басқармасы хабардар. Ашылу салтанатын өткіздік. Облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінен қызметкерлер және осы ауданға жауапты депутат келді. Тығылып жұмыс істеп жатқан жоқпыз. 1 қыркүйекте 1 және 9-сынып оқушылары келді. Соны біреу түсіріп, «Ауғанстан болдық» деп салған. Мектепте балалар стандартқа сай оқытылады, – деп мәлімдеді «Атамекен» мектебінің директоры Венера Жолдыбаева.

Бұрын қалада қыздарға арналған «Құнан» мектебі болған. Ол жабылып, орнына осы «Атамекен» білім ошағы ашылған.

Мектеп формасына қойылатын талаптар орындалады. Оқу бағдарламасы білім стандартына сай жүргізіледі. Оқушылар сырттан орамал тартып келгенмен, ішке кіргенде шешеді. Сабақта орамалсыз отырады. Мектеп қабырғасында ішкі талап ережелері толық сақталады. Орамал тартатын мұғалім жоқ деп айта алмаймын. Ондай мұғалімдер бар. «Құнан» мектебінен келген 7 мұғалім бар. Бірақ мектеп ішінде ол кісілер орамал тартпайды. Мұғалімдер де мектеп формасын сақтайды. Оқушылар арасында орамал тартатын және тартпайтын қыздар бар. Мектеп тек Ақтөбе облысының балаларына арналған. Сұраныс көп, – деді директор.

Ақпараттарға сүйенсек, жекеменшік мектепте 430 қыз екі ауысыммен оқиды. 1-9-сынып арасындағы оқушыларды қабылдайды. Әр ата-ана айына 30 мың теңге төлейді екен.

Сондай-ақ, көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға жеңілдік бар. Сонымен бірге мектеп директоры білім беру мекемесінде оқушылардың намаз оқымайтынын және намаз оқитын орынның жоқ екенін айтты.

Білім алушылар Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығының талаптарын орындап отыр. Мектептегі оқу-тәрбие процесі Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамызда  бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» №348  бұйрығына сәйкес жүргізіледі, – деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.